Баланың жан дүниесіне жайлылық сыйлайтын жаңа кеңістік

Қазіргі заман баласына білім берумен қатар, оның психологиялық жай-күйіне де ерекше назар аудару – уақыт талабы. Баланың мектептегі оқу үлгерімі, белсенділігі мен өзін-өзі бағалауы тікелей оның өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне байланысты. Осы тұрғыда «Келешек мектебі» ұлттық жобасының қолға алынуы – ұлт болашағы үшін қолға алынған маңызды қадамдардың бірі.

Атырау облысында аталған жоба аясында бүгінге дейін үш мектеп салынып, пайдалануға берілді. Қазір тағы да осындай 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бой көтеріп жатқан бұл білім ордалары — тек ғимарат емес, баланың жан дүниесіне әсер ететін жайлы орта. Мұнда оқушылардың жас ерекшелігі ескеріліп, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған жеке блоктар қарастырылған. Бұл — бала психологиясына сай тәртіптің сақталуына, олардың жеке кеңістігінің болуына мүмкіндік береді.

Мектептегі оқу жүктемесімен қатар, эмоционалдық ахуалды сақтау да маңызды. Жаңа мектептерде бұл үшін арнайы жабдықталған психолог, логопед кабинеттері бар. Яғни, оқушылар өз бойындағы ішкі күйзелісті, мазасыздықты дер кезінде жеңуге мүмкіндік алады. Бұрын бұндай мүмкіндіктің болмауы көптеген жасөспірімнің өз мәселесін іште сақтап, тұйықталуына себеп болатын.

Білім ордаларындағы тағы бір үлкен жетістік — ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін инклюзивті ортаның қалыптасуы. Бұл – тек физикалық кедергілерді жою емес, ол — ең алдымен рухани тосқауылдарды жеңу, балалар арасындағы теңдік пен өзара құрметті қалыптастыру.

STEM, физика-химия зертханалары мен жаңа үлгідегі оқу сыныптары – баланың шығармашылығын дамытып, сыни ойлау қабілетін арттыруға жол ашады. Баланың бойындағы әлеуетті ашу үшін білім беру мекемесі ең алдымен сенімді, қауіпсіз, ынталандырушы ортаға айналуы тиіс. Жаңа мектептер осы талаптарға толық жауап береді.

«Келешек мектебі» – ата-ананың алаңсыздығы, мұғалімнің шабытпен жұмысы, ең бастысы, баланың қуана баратын мектебі. Болашаққа берік іргетас осы жерден қаланады. Өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жалғасын таба берсе игі.

Қаламқас МҰХАМБЕТҚАЛИҚЫЗЫ,

жалпы білім беретін №39 орта мектептің психологі

Атырау қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT