2023 жылдан бастап қазақ әліпбиі латын қарпіне көшеді

2023 жылдан бастап қазақ әліпбиі латын қарпіне көшеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа әліпбиге ауысу кезең-кезеңмен 2031 жылға дейін жалғасады. Бұл туралы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында айтылды.

Ана тіліміздің дыбыстық жүйесі мен халықаралық талаптардың үдесінен шығатын жоба. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның онлайн отырысына жиналғандар пікірі бұл. Бірнеше жылдан бері пысықталып, қоғамның қызу талқысына түскен әліпбидегі әріп саны – 31. Қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған, әрі тек біздің тілімізге тән әріптің барлығы диакритикалық таңбамен белгіленген. Халықаралық қолданыста умляут, макрон, седиль және бревис белгілерін тануға болады. Олар – компьютер пернетақтасында оңай табылатын белгілер.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Бұл жолбаның қалай дүниеге келгені, қаншама рет талданғаны, ғалымдарымыздың қызу пікір таластары менің көз алдымда. Сондықтан да бұл жоба ғылыми талқылауларда жетілдірілген, ұшталған нақтыланған жоба деп білемін. Сол себепті де сол үдерістің ішінде жүрген азамат ретінде де еліміздің жетекші ғылыми мекемелерінің ғалымдары дайындаған емле нұсқасын қолдау керек деп санаймын.

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмысы Елбасының бастамасымен үш жыл бұрын қолға алынған-ды. Содан бері әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі зерделенді.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек.

Ғылыми тұрғыда сарапталған жоба елдегі қазақ тілінің мамандарына таныстырылған. Онлайн отырысқа қатысқан ғалымдар да жобаның пробациядан сәтті өткенін мәлімдеді. Білім және ғылым, мәдениет және спорт, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі сынды бірқатар министрлік ат салысқан әліпби алдағы он жылда толық қолданысқа енгізіледі деген сенім білдірді.

24.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521