Мұнайлы шаһар мен кенді аймақтың арасын жалғап тұрған 160 шақырымды құрайтын Атырау-Индер тас жолын күтіп ұстау, шамадан тыс ауыр салмақ тиеген жүк көліктеріне шектеу қою үшін «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен жергілікті полиция бөлімшесі, Атырау облыстық көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп арнайы рейд ұйымдастырды.
Рейд барысында Индербор кентіне қарасты карьерлерден құрылысқа қажетті топырақтарды тиеген ауыр жүк көліктері тоқтатылып, құжаттары тексерілді. Рейд талаптары мен мақсаты түсіндірілді. Жүргізушілер де талапқа сай жүк тиелгенін атап өтіп өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Филиал төрағасының бірінші орынбасары Өтепберген Оразғалиевтың айтуынша, рейдтік тексеру жұмыстары айдың аяғына дейін жүргізілмек.
-Мұндағы мақсат – жыл сайын сапасы нашарлап бара жатқан жолды күтіп ұстау үшін алынатын шараларды жоспарлау. Жалпы, жол халықтың игілігі үшін салынғанын назарда ұстау,-дейді Өтепберген Темірғалиұлы.
Рейд ұйымдастырушылардың айтуынша, жолдың сапасына нұқсан келтіретін шамадан тыс жүк тиеген ауыр жүк көлік иелеріне тиісті заң талаптарын сақтамаса, шаралар қабылданбақ.
Сұңқар ЕРСАЙЫНҰЛЫ