Индер-Атырау автокөлік жолының Индер ауданына қарасты 50 шақырым бөлігіне (117-167 км) орташа жөндеу жұмыстары басталғаны қуантарлық. Атқарылу мерзімі 2024-2025 жылдарға жоспарланған бұл игі істі облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының тапсырысымен мердігер мекеме "Теміржол құрылыс Атырау" ЖШС атқарып бастағанын бұған дейін де газетке жазғанбыз.
Алайда жол жөндеу барысында уақытша қиындықтар да орын алып отыр. Негізгі автокөлік жолы жөндеуде болғандықтан күре жолда қатынаған көліктердің дені қаражолмен шаңдатып жүрулеріне тура келуде. Әсіресе, Индербор кентінің "Көктем"мөлтек ауданы шеткі көшелері тұрғындары жолдың шаңына көміліп отырғандарын айтып реніштерін білдіруде.
Осы орайда біз аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясының басшысы Шапағат Ғаббасовқа хабарласқан болатынбыз.
- Аталмыш жол орташа жөндеу болғандықтан зандылыққа сәйкес балама жол салу қарастырылмайды. Бірақ мердігер мекеме Алғабас-Жорық каналынан Бөдене ауылына дейін қалдық асфальт төсеп, жәрдемдесіп отыр. Ал Индербор мен Бөдене ауылы арасындағы жолда асфальт төсеуге байланысты биылғы 12 қыркүйек сағат 22.00-ге дейін уақытша жабылған болатын. Бұл уақытқа үлгермегендіктен оның мерзімін ұзартып отыр. Қазіргі танда "Нэфтек"жанар-жағармай жағы арқылы жүру үшін қосымша жолы қырылып жасалған..
Мердігер мекемеге айналма жолға су шашу жұмыстарын жүргізу ескертілді. Туындаған уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңыз сұралады ,-дейді салалық бөлім басшысы Ш.Ғаббасов.
Саламат БАЗАРБАЕВ