Күні кеше Тараз қаласында орын алған жантүршігерлік оқиғадан соң бүгін аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың төрағалығымен бөлім, мектеп басшылары және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлескен жиын өтті.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 15 қараша күні Жамбыл облысы, Тараз қаласында 38 жастағы ер азамат мектеп сыртындағы дәретханаға шыққан кәмелет жасқа толмаған жасөспірімге тап беріп, жәбір көрсеткен болатын.
Жиында алдымен аудандық ювеналды полиция тобының аға инспекторы Гауһар Құбашева орын алған жағдайға орай түсінік жұмыстарын жүргізіп, мектеп ішіне оқушылар көп шоғырланатын жерге бейнекамералар көптеп орнату керектігін қаперге берді. Сондай-ақ ауданда жасалған жасөспірімдер арасында орын алған құқықбұзушылықтарды сөз етті.
Бірлескен жиын кезінде мектеп директорлары да өздерінің ұсыныстарын жолдады. Сонымен қатар осындай түсіндіру жұмыстары аудандағы барлық білім ұяларында ұстаздар мен ата-аналар арасында жүргізілді. Сала мамандары, ата-аналарға қала тағдырына салғырт қарамай, күн қарайған шақта балалар жалғыз жібермей, үнемі қадағалауда ұстауды ескертті.
«Дендер-Ақпарат»