«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан», дейді халқымыз. Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекетіміз біраз жаңарып үлгерді. Бұрынғы әкімшілік-әміршілік жүйеден арылдық.
Әлемнің өзге елдері сияқты нарықтық экономикаға көштік. Соның нәтижесінде адамдардың тұрмыс жағдайы, әлеуметтік ахуалы өзгерді. Қалаларымыз бен ауылдарымыздың өркениет игіліктеріне қолы жетті. Орта Азия елдерімен салыстырғанда Қазақстанда қалың бұқараның әлсіз топтарын қолдау жақсы жолға қойылды. Талай мәрте жалақы мен зейнетақы, жәрдемақы өсті. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндердің ісін оңға бастыратын бағдарламалар қабылданып, оларды тексеруге мораторий жарияланды. Осының бәрі біздің бұған дейін өткен Президент сайлауларында дұрыс таңдау жасай білгеніміздің оң нәтижесі.
Мемлекет басшысы болу ол ферма басқару емес. Көрегенділікті, ішкі, сыртқы саясатты дұрыс жүргізе білуді, қажет кезде қаталдықты да талап етеді. Қазір аталған екі саясаттан жаңылыс басу жақсылыққа апармайтынын өмір көрсетіп отыр. Ұлыбританияны ұзақ жылдар басқарған Уинстон Черчилль: «Сайлауға түсетін мемлекеттік қайраткерлердің саясатшыдан айырмасы: саясатшы – сайлауда жеңудің, мемлекеттік қайраткер – елдің қамын ойлайды», десе, АҚШ президенті болған Авраам Линкольн «Сайлау бюллетені оқтан да күшті», деп текке айтпаған. Осының өзі сайлаудың маңызы қандай екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Кезектен тыс өткелі отырған жаңа сайлауда да бұрынғы бағытымыздан жаңылмай, дұрыс таңдауымызды жасайық. Біздің өмір сүріп отырған еліміздің тыныштығы мен дамуы басқаға емес, өзімізге керек. Сырттан ақыл айтушылар көп болғанымен, жем-жемге келгенде бізге Жерұйықты ешкім жасап бермейді. Бәріне де өзіміздің бірлігімізбен, ұрпақ үшін ынтымақтасқан тірлігімізбен жетеміз. Президент сайлауында осыны ескерейік.
Зарлыхан Ғұмаров,
Құрмаңғазы ауданының Құрметті азаматы