"ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ" ЖЫЛАТТЫ

Аудандық мәдениет үйінде «Ақжайық» халық театры Серік Асылбекұлының «Желтоқсан желі» драмасының желісінде дайындаған спектакль көрермен назарына ұсынылды.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде бір отбасының бір түн ішінде бастан кештен аласапыран оқиғасы көрермен көзіне жас үйірмей қоймады. Сол кездегі намысты ту еткен жастардың бірі Қайсар мен Ақмарал адамның бойы мен жанын мұз қарыған ауыр сәтте бірін-бірі құрсауда тастамай, бір-біріне пана болады. олар, бас сауғалап, қаладағы қарт тұрғын Баймырза мен Талшынның үйіне келіп, бой тасалайды. Қариялар түн ішінде есік қаққан қыз бен жігітті кіргізгісі келмей қашқалақтаса да, пана сұраған екеуін қуып шығуға дәті жетпейді. Олар да қазақ балаларына мейірімдерін төгіп, бар тәттіні жастарға береді. Алайда, ана жүрегі баяғы күйеуінің халық жауы болып кеткенін еске алып, Совет өкіметінен жапа шеккенін білсе де, күйеуінің ісіне амалсыз көнеді. Баймырза кезінде Кенесары - Наурызбай көтерілісі туралы ғылыми зерттеу жазып, 10 жыл Сібірде қамауда отырып келген-ді. Дәрі сұраған болып келген көршісі Мария Петровна да екі жастың қазақ жастары екенін сезіп, жендеттерге хабарлайды. Осылайша, кенеттен бұл үйге полиция өкілдері де келіп, ақсақалды ұрып, Қайсар мен Ақмаралды сүйреп әкетеді. Қойылым ақсақалдың қабір басына барып, құран оқуымен аяқталады. Одан соң, театр жастары «Тоңдырды мені, тоңдырды сені, желтоқсан желі - ызғарлы» деп өксітті. Басты рөлді сомдаған Рабиға Бадел қойылымдағы сәттер менімен әлі бірге, сол жылдардағы жастардың намысы мен қасиетіміздің аяқ астына жаншылғанын шын сезіндім дейді. – «Желтоқсан желі» спектаклін сахналау барысында ұзақ уақыт бойы әрқайсымыз өз рөлімізге дайындалдық. Көрерменге шынайы эмоциялар сыйлағымыз келді. Тек театр ұжымы ғана емес, қосалқы рөлдерде болған барлық әріптестерімнің еңбегі орасан зор. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Бойында ерлігі мен намысы қайнаған жастардың арқасында біз ел болуға қадам жасадық. Сондықтан 1986 жылдың желтоқсаны әркез қазақ жадында болуы тиіс,- деді ол. Спектакль соңында «Ақжайық» халық театрының директоры, режиссер Шайда Кәрімқызы барша көрермендерге ыстық ықыластары үшін алғысын білдірсе, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева 86- ның желтоқсанын сахналап, залға жиналған жастар мен орта буын, тіпті ардагерлерге естен кетпес әсер сыйлағаны үшін ұжымға ризашылығын білдірді.

Жадыра НАРИМАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT