Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіп бастап, өзінің бағытын тауып, табысты болғысы келетін жастарға қолдау көрсетуді қолға алды.
Яғни, палата кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған «Жас кәсіпкер» пилоттық білім беру жобасын іске қоспақ.
- Жас кәсіпкер» – оқу жобасы ел ауқымында тиімділігін көрсеткен, танымал «Бастау» жобасы аясында іске асырылатын болады. Мұнда іш пыстыратын дәрістер және ескірген деректерге орын жоқ. Шынайы кейстер және үздік бизнес-тренерлер ұсынған шеберлік сабақтар, сондай-ақ кәсіпкерлік ортаға терең бойлау бар. Біз осы жоба аясында 80 жұмыссыз жастарды оқытуды қолға аламыз, - дейді аудандағы кәсіпкерлер палатасының директоры М.С.Тасыбаев.
Оның айтуынша, «Атамекен» палатасы ұсынып отырған жобаға жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18- 29 жас аралығындағы жастар жобаға қатыса алады. Аталған жоба «Бастау» жобасына ұқсас, онда оқытудың құрамдас бөліктері қамтылып, әр стартапты танымал бизнес-тренердің жеке сүйемелдеуі қарастырылған. Осы жоба арқылы жастар іскерлік бойынша жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, нәтижесінде жеке кәсіп аша алады.
Жобаға қатысқан жастар бизнес ашуға алғашқы капитал ретінде грант немесе жеңілдікпен қаржыландыруға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, бұл жоба 22 шілдеден бастап іске кірісті.
"Дендер" - Ақпарат