Жаңа жылдың алғашқы аптасында кенттегі «Зағиба» сауда үйінен жеке кәсіпкер Әйгерім Сатыбалдина сұлулық салонын ашты.
Бұл қуанышты күнге арнайы келгендер алдында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Дулатбай Сариев қош келдіңіздер айта отырып, жас кәсіпкерге сәттілік тіледі. Ал аудандағы бизнес-тренир Жәнібек Амантурлин мен енесі Нұрсауле Махметова алқызыл лентаны кесті.
Айталық, Семей қаласының тумасы Әйгерім Болатқызы жаз айында әуелі тырнақ бояу және жөндеу қызметтерімен айналысып, кейін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының қолдауымен «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқып, оны қорғап қаржылай несие алуға қол жеткізіп, өз кәсібін ашқан.
-Негізгі мамандығым дизайнер. Бастапқыда осы салаға деген қызығушылығым артып қыр-сырын үйрендім. Содан мемлекет тарапынан осындай жобаларға қатыстым. Міне, соның нәтижесінде өз кәсібімді ашып отырмын. Енді алға қарай бастаған ісімді дамытқым келеді,-дейді жас кәсіпкер.
Айталық, салонда тиімді бағамен қазіргі заман талабына сай тырнақ күтімі (моникюр), әрлеу (макияж), шаш үлгілерін жасау қызметтері көрсетіледі. Салон оған қажетті барлық жаңа жабдықтармен қамтылған.
Біз де жас кәсіпкерге кәсібін дөңгелете беруіне тілектеспіз.
Диас АЙБАР
Индер ауданы