Аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының кезекті отырысында Индербор кентінде құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Индербор кенті әкімінің міндетін атқарушы А.Аймұратовтың хабарламасы тыңдалды.
Жалпы құқық бұзушылықтың алдын алу, мектепке дейінгі және білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 213 бейнебақылау камералары орнатылған. Сондай-ақ, Атырау-Индер тас жолы кіре берісіне 2 880 000 теңгеге бағдаршам орнатылған. Бұндай жұмыстар келер жылы да жалғасады деген жоспар бар.
Аудан бойынша жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында өткізілген шаралар мен атқарылған жұмыстар туралы Индер ауданы бойынша ішкі істер бастығының орынбасары, полиция капитаны Е.Темірханов хабарлама жасады. Аудан бойынша жыл басынан бері 13 жолдағы көлік оқиғасы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 18,8 пайызға төмендеген. Бұл оқиғадан биыл бір адам дүниеден өткен. 11 ай есебімен 1697 тұрғынға 14 млн 591 мың 927 теңге 50 тиын көлемінде айыппұл салынып, оның мемлекет пайдасына 1016 тұлғадан 7 млн 747 мың 297теңге 50 тиыны өндірілген.
Осы орайда аудан прокуроры А.Жұмабеков: -Жол бойы жолаушы тасымалдаушылар рөлде отырып телефонмен сөйлесіп келе жатады. Ал ол жолаушыларының өміріне жауапты екенін сезбейді ме? Сонымен қатар салынған айыппұлдар өндірілмейді. Полиция 30 күн ішіндегі ерікті өндіру шараларын орындай алмаса, онда заңға сәйкес сот орындаушыларға жолдауы қажет. Өкінішке орай көптеген айыппұлдар өндірілмей жатыр, - дей келе жол тазалау жұмыстарын атқармайтын мекеме ісін ұлттық бюроға неге бермеске деген ойымен де бөлісті.
Қойылған сұрақтарға орай хабарламашы мас күйінде ұсталғандарды анықтау қиындығын, фельдшерлер орнында бола қоймайтынын, сондай-ақ, жол тазалығына жауапты мекеме уақытылы жұмыс атқармағандықтан жол апаты болып жататынын қаперге берді Комиссия отырысын аудан әкімі С.Арыстан қорытындылап, көтерілген мәселелерді шешу мақсатында жауапты сала басшыларына міндеттер жүктеді.
Толығырақ 27 желтоқсандағы санынан оқи аласыздар