Талап қыл, еңбек ет!

Президент Қасым - Жомарт Тоқаев халыққа арнаған бір сөзінде: «Біз мұқтаждықпен масылдықтың ара жігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінгені жөн»,- деген болатын.

Иә, қазір қоғамда масылдықтың белең алып отырғаны жасырын емес. «Үкімет мені асырауға міндетті» деген оймен өмір сүретіндерді де көзбен көріп жүрміз. Қазір адам өзі үшін өмір сүріп үйренуі керек.

«Ерінбеген етікші болады» демекші, жұмыс істеймін, кәсіп ашамын, өз-өзімді дамытамын деген жанға мемлекет қолдауды аямай беріп отыр. Өзім бала кезден кәсіпкерлікті меңгеріп өстім. Алғашқы кәсіпкерлігімді 2005 жылы ашып, содан бері осы салада жүрмін. Үйренгім келеді деп келген адамның қолын қайтарған емеспін. Бар білгенімді айтып, бағыт-бағдар беріп жіберемін. Қазір бұл салада ауданда жоқ кәсіп көзін ашып, мемлекет ұсынған қайтарымсыз грантын алып, өз бизнесін дамытып отырғандар бар.

Сабын цехы, балалар ойын алаңы, тегершік жөндеу орындарын ашқан азаматтар халық игілігіне қызмет етіп отыр. Әңгіменің ашығына келгенде, масылдық тек бір ғана адамның емес, еліміздің өркендеуіне, дамуына кері әсерін тигізеді. Шын мәнінде еңбекке жарамсыздар бар және мүлде жұмыс істегісі келмейтіндер бар. Соңғысының бітпейтін сылтауы және бар. Өзім жұмыс барысында халықтың тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп жүремін. Қазір айлығы шайлығына жетпей отырған отбасылар қаншама.

Қолдан келгенше көмегімді де тигізіп отырамын. Қорыта келгенде, Абай өсиет еткен «Талап, еңбек, терең ой» бүгінгінің адамына қажет асыл құндылықтар болып отыр. Еңбек етіп, несібесін кәсібінен тапқан жандар көбейсін дегім келеді. Масыл болмайық дегеннен гөрі, содан арылудың жолын көрсету әр адамның адамдық борышы деп санаймын.

Ақжібек САБЫРҒАЛИЕВА,

«Дулат» ЖШС директоры,

аудандық мәслихат депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT