Индер ауданындағы «Көктем» қазақ орта мектебінде мұғалімдер күні мерекесі мен кәсіподақтар күні мейрамына орай салтанатты шара өтті.
Оған аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінен өкілдер, мектептер мен Индер көп бейінді ауыл шаруашылық колледжінен, балалар саз мектебінен келген мұғалімдер қатысты.
Шара барысында, "Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері" ҚБ " Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісімен Жамбыл атындағы орта мектептің көркем еңбек және сызу пәні мұғалімі Бекберген Досқалиев, салалық кәсіподақтың Атырау облыстық комитетінің Құрмет грамотасымен ұзақ жыл кәсіподақ саласында, мектепте еңбек еткен бір топ мұғалімдер марапатталды.
Шараға қатысушылардың наградаларын "Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері" кәсіптік одағы Индер аудандық комитетінің төрағасы Ахметова Қалжан Қапсалимқызы және аудандық білім, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ділмұқашева Орынша Матайқызы табыстады.
-Ұстаздар мерекесімен тұспа- тұс келген кәсіподақтар және есепшілер күні сынды атаулы мерекелермен құттықтаймын. "Білімнің бағдары - шәкірттің бағбаны" болған ұстаздарға жағдай жасап, жұмысты алға жылжыту бағытында ұжымның «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», алға қарай ынтымақпен жұмыс жасау маңызды міндетіміз. Бұл ретте әр мекеменің есебін жүргізіп, қызмет көрсетіп отырған есепшілердің де еңбегі зор. Жасап жатқан еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін" - деді өз құттықтауында сала басшысы Орынша Матайқызы.
Мерейді тасытқан шара соңында биылғы мерейлі жасқа толған мұғалімдерге де құттықтау хаттары мен гүлшоқтарын сыйлап, құрмет көрсетілді.
А. Тұрғалиұлы