Өшпейтін темірқазық өлеңдегі...

«Жұмекен – өлеңдегі темірқазық» тақырыбымен Елтай ауылдық кітапханасында «Жұмекен оқулары» өтті.

Ақынның туғанына 85 жыл толуына орай өткізілген шара Жұмекен шығармаларын оқушыларға кеңінен насихаттап, таныта түсуді мақсат етті. Кітапханашы Мархаба Мұсақызы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы дайындалған көрме бойынша түсіндіріп өткен соң, Жұмекен жырлары бірінен соң бірі оқылып жатты.

Атап айтқанда, Дария Енбаева «Бір көктем пайда болды маңайымда», Динара Шайдолла «Кітапханада», Жаннұр Абзал «Елім менің», Нұрай Бекшойын «Туған елім», Гүлдана Әдиетова «Әжеме» өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Кітапханашы бұл кеште оқушылардың Жұмекен туралы жазған эсселерімен бөлісіп, сұрақ-жауап арқылы мол мағлұмат беріп отырды.

Шараға қатысқан зейнеткер ұстаз Нағима Әдиетқызы Жұмекен туралы айта келіп, ақынның «Көлеңке» атты өлеңін, М.Сиранов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, поэзияны жанына серік етіп жүрген Алтынай Тұрғалиқызы Жұмекенге арнаған өлеңін оқып берді. Кештің тартымды өтуіне белсенді атсалысқан оқырмандарға Алғыс хат пен сыйлықтар табыс етілді.

Иә, Жұмекен ақынға арналған шаралар әлі де жалғасын таба беруі тиіс. Себебі, М.Мақатаев айтқандай, «Жұмекен мұрасы – қазіргі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, сөз өнерінің шын мәніндегі іргелі, ірі табыстарының бірі».

 

Нағима УӘЛИЕВА

зейнеткер - ұстаз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521