Бүгін Атырауда төрт мұқтаж отбасына баспана табыс етілді. Осымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының “Ел үлесі – пәтерге” жобасы аясында Атырауда жеті пәтер тапсырылып отыр.
Зайналбек Типаев баспана бақыты бұйырған шаңырақ иесінің бірі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтың баспана қуанышын Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бастаған орталық “Иманғали” мешітінің ұжымы және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері құттықтады.
“Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты бағыты қайырымдылық. Бүгін “Ел үлесі – пәтерге” жобасы аясында Атырау орталық мешіті жанынан “Шаңырақ” қайырымдылық қоры құрылды. Аталмыш қордың басты міндеті – мұқтаж отбасыларды басыбайлы баспанамен қамтамасыз ету. Бүгінгі күні жақында ғана жұмысын бастаған қор арқылы бес баспана тапсырылып отыр. Оның ішінде, әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасылар қамтылуда. Бұл игілікті іс жалғасын табады. Біз Алла разылығы үшін шын мұқтаждарға баспана бақытын сыйлауға мүдделіміз. Мәселен, Зайналбек Типаев ағамыз денсаулық жағдайының ауырлығына қарамастан, ұзақ уақыттан бері мешітке келіп жүрген жамағат. Бұл кісінің жағдайынан барлық жамағат хабардар. Қасиетті Рамазан айының құрметіне, пәтермен бірге Зайналбек ағамызға мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арба табыс етілді” деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
“Мұндай қуанышты күннің болатынын тіпті күткен де жоқпын. Жолдасым екеуміз он бір жылдан бері пәтер жалдап, баспана тауқыметін көріп келеміз. Өзім базарда сатушының көмекшісі болып жұмыс істеймін. Тапқан-таянғанымыз пәтер ақысынан, күнделікті тағамнан арылмайтын. Осы шаңырақта бақытымыздың еселенеріне сенеміз” деп алғысын білдірді Зайналбек Типаевтың жұбайы Надежда Шевердина.
Ал, қалған үш пәтер иелерінің қоныс тойын тойлайтын күні жақын. Себебі, ол отбасыларға демеушілер Атырау қаласындағы “Самал” ықшамауданында салынып жатқан “Самал town” тұрғын үй кешенінен үш жаңа пәтерді сыйға тартпақ. Қазіргі таңда ол отбасыларға пәтердің заңды иесі екендігін растайтын құжаттар табыс етілді. Бесінші баспана ертең көп балалы отбасына Жылыой ауданында табыс етіледі.
Еске сала кетелік, 2017 жылдан бері мүфтият “Ел үлесі – пәтерге” жобасын жүзеге асырып келеді. Аталмыш жоба аясында Атырау облысында осымен орталық “Иманғали” мешітінің ұйытқы болуымен жеті баспана тапсырылып отыр.
Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.