МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӘНЕ ОНЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ЦИФРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР АРҚЫЛЫ ШЕШУ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ САЛЫҚ ТӨЛЕУШІЛЕРДІҢ АШЫҚТЫҚ ПЕН АДАЛДЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕНІН АТАП ӨТКЕН БОЛАТЫН.
Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды. Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл – азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіліп, инфрақұрылым салынып, мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылуы қажет деген сөз, - деді Президент өзінің Жолдауында.
Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Салық кодексі келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жаңа Салық кодексін түсіндіру мақсатында ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің өкілдері ауданда болып, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Нұрлан Сүйінбаев ашып, жаңа құжаттың басты мақсаты салық салуды жеңілдету, ашықтықты арттыру, процестерді толығымен цифрландыру және әрі көлеңкелі экономиканы қысқарту көзделгенін атап өтті.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бекен Шанаев сараланған салық ставкалары енгізілуі, ҚҚС реформалануы, "Сән-салтанат салығы" енгізілуі, арнаулы салық режимдерінің өзгеруі сынды негізгі өзгерістер бойынша ай- тып өтті. Жанама салықтарды әкімшілендіру бөлімінің басшысы Атиғулла Галимов қосылған құн салығы, қосылған құн салығын қайтару, ЭШФ жазып берілуін бақылау, акциз бойынша айтты. -Қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Ал дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді.
Атап айтқанда 2026 жылдан 5 пайыз болса, 2027 жылдан 10 пайыз болмақ. Отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізу бойын- ша айналым мөлшеріне 10% төмендетілген. Ал қосымша құн салығынан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде, сондай- ақ Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрілік заттарды өткізу және импорттау,тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде, сондай-ақ Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін медициналық көмек қызметтері босатылады. Бірақ тұрғын үй-жайды (пәтерді) сату немесе жалға беру кезінде ҚҚС-тан босату жойылады, - деді ол. Түсіндіру жұмысы және «Байланыс - орталығы» басқармасының бас маманы Эльмира Мұханбетжанова салықтық әкімшілендіру, салық есептілігі, салық берешегін мәжбүрлеп өндіру бойынша баяндады.
– Салық есептілігінің нысандары 30%- ға қысқарады. Жер салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебі жойылды. Салық сомасы 1 млн теңгеден кем болған кезде мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебі жойылды. Арнаулы салық режимі және ҚҚС бойынша декларацияны алдын ала толтыру жүзеге асырылады. Салық есептілігін ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жойылады. Салық есептілігін ұсыну мерзімін ұзарту мен кері қайтарып алу қарастырылмаған. Барлық өзгерістер қосымша декларациялар арқылы жүзеге асырылады, – деді ол.
Сонымен қатар № 2 қашықтық мониторинг бөлімінің басшысы Серікқали Қуанов корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы және әлеуметтік салық, арнаулы салық режимдері, камералдық бақылау бойынша, өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Бисен Юсубалиев жеке табыс салығы, мүліктік табыс, «Меншікке» салынатын салық, төлемақылар жөнінде айтты. Кеңес соңында мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ,
суреттер автордікі