Сенат қандай заңдарды талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар жасанды интеллект пен әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарды талқыға салады.

Жалпы отырыстың күн тәртібіне мына мәселелер енгізілген:

    «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңы туралы;

    «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы туралы;

    Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының заңы туралы (1-оқылым).

Естеріңізге сала кетсек, 24 қыркүйек күні Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» және оған ілеспе заңдарды қабылдаған еді.

Сол кезде құжат бойынша негізгі баяндама жасаған мәжілісмен Екатерина Смышляеваның айтуынша, заң жобаларын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәжіліс депутаттары әзірледі. Бұл заң жобалары Қазақстанда жасанды интеллектті дамытуға құқықтық негіз қалайды. Жобалар азаматтардың қауіпсіздігіне, деректерді қорғауға және инновацияларды қолдауға бағытталған.

    - Заң жобасында жасанды интеллектті пайдаланудың негізгі этикалық қағидаттары бекітілген. Олардың ішінде адам құқықтарының басымдығы, жұмыстың қауіпсіздігі мен ашықтығы бар. Жасанды интеллект құқықтық қатынастардың субъектісі ретінде танылмайды. Адам барлық шешімдерге жауапты болып қала береді. Жасанды интеллектті әзірлеу және енгізу үшін Ұлттық платформа құрылады. Ол деректер кітапханаларына, жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу және пайдалану ортасына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Заң жобасы әзірлеушілердің есептеу инфрақұрылымына, оның ішінде суперкомпьютерлерге қол жеткізу тәртібін анықтайды, - деді ол.

Екатерина Смышляеваның атап өтуінше, заң жобасы жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударады.

Пайдаланушылар:

    жүйенің жұмысы туралы ақпарат алуға;

    егер бұл заң бойынша міндетті болмаса, жасанды интеллектпен байланыстан бас тартуға;

    шешімдерді қайта қарауды және түсіндіруді талап етуге құқылы.

Келесі функциялары бар жүйелерге тыйым салынады:

    адамдардың мінез-құлқын басқару;

    адамның эмоциясын қолдану;

    әлеуметтік бағалау жүргізу;

    дербес деректерді келісімсіз жинау.

Мәжіліс қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс туралы заң жобасын қабылдады

Айта кетейік, өткен аптада Сенат «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру қауіп-қатеріне баға беретін халықаралық орталықты құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлданды.

Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежановтің айтуынша, орталық ТМД елдерінің ұлттық экономикалары мен қаржы жүйелерін, қылмыстық кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландыру қатерлерінен қорғауға бағытталған және сын-қатерлерді бағалаумен айналысады.

    – Бұл Халықаралық орталық қорғалған ақпараттық жүйе ретінде жұмыс істеп, ТМД елдерінің қаржылық барлау бөлімшелері арасында тиімді мемлекетаралық өзара іс-қимылды, ортақ ақпараттық ресурстарды қалыптастыруды және тәуекелдердің ұлттықтан жоғары деңгейде бағалануын қамтамасыз етеді. Оған қоса, қаражаттың транзиттік қозғалысын, активтердің түпкілікті орналастырылуын, сондай-ақ салықтық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлық бойынша мәліметтер алмасуды қоса алғанда, трансшекаралық қылмыстық топтардың қызметін талдайды, – деді С.Мәкежанов.

Халықаралық орталық ұлттық және халықаралық деңгейде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландырумен байланысты тәуекелдерді бағалайды. ТМД елдері арасындағы жедел ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруды алдын алу, онымен күресу үшін халықаралық стандарттар мен ұсынымдарды алдын ала әзірлеп, енгізеді.

Орталық қаржы мониторингі және тәуекелдерді бағалау саласындағы мамандарды оқытады, олардың біліктілігін арттырады және қаржы институттары, құқық қорғау органдары және басқа да мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайтады.

    — Қаралған Келісім ТМД елдері шеңберінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жетілдіру үшін әзірленді. Осы мақсатпен арнайы Халықаралық орталық құру көзделген. Бұл Орталық қауіп-қатерлерді бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаржылық барлау бөлімшелері арасында қорғалған ақпараттық жүйе арқылы ақпарат алмасуға жол ашады. Жалпы, мақұлданған заң қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің тиімділігін арттыра түседі деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар өзекті мәселелер бойынша депутаттық сауалдарын жолдады.

Атап айтқанда, Айнұр Арғынбекова медициналық және әлеуметтік ұйымдарда қарияларға жүйелі қолдау көрсету ісін жетілдіруді ұсынды. Сенатор бұл ретте күндіз барып емделетін орталықтар құру, әлеуметтік және қоғамдық көмекті біріктіретін ұзақ мерзімді күтімнің кешенді жүйесін қалыптастыру, ауылдық жерлерде мобильді қолдау қызметтерін дамыту сияқты нақты бастамаларға назар аударды.

Ал Алишер Сатвалдиев жерлері республикалық маңызы бар қалалардың (Астана, Алматы, Шымкент) аумағында орналасқан шаруаларға мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Депутаттың айтуынша, ережелерде осы бағытты назарға алу ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға, инвестициялар тартуға және кадастрлық кодты сәйкестендіру мен жерді нақты пайдалануға оң ықпалын тигізеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT