2025 жылы 11 сәуірде “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында Атырау облысы еңбек мобильдік орталығының Индер аудандық мансап орталығы жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру және жұмысшы мамандықтарды насихаттау мақсатында ашық есік күнін ұйымдастырды.
Ашық есік күніне жұмыссыз жастар мен NEET санатындағы жастар шақырылып, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Атап айтқанда, жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында берілетін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар, субсидиялар туралы түсініктемелер беріліп, қатысушыларға кәсіби бағыт-бағдар мен кеңестер ұсынылды.
Шараның негізгі мақсаты – аудандағы жұмыссыздықты азайту, жастардың белсенділігін арттыру және жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы маңыздылығын көрсету. Қазіргі таңда елімізде дәнекерлеуші, электрик, құрылысшы, ауыл шаруашылығы мамандары секілді жұмысшы кәсіби иелеріне сұраныс артып келеді. Осы бағытта мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар іске асырылуда.
Ашық есік күні барысында жастар өздеріне қажетті ақпараттарды алып қана қоймай, 9, 10, 11 сынып оқушылары болашақ мамандықтарын таңдауға және кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасауға мотивация алды.
Айталық бұған дейін аудандық мансап орталығында 3 рет ашық күні және 1 рет бос кәсіп орны жәрмеңкесін өткізген болатын.
Индер аудандық мансап орталығының басшысы Динара Мусинаның айтуынша мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұратынын жеткізді.
Жұмысшы мамандықтар – ел дамуының негізі. Сондықтан да осындай бастамалар арқылы жастардың еңбекке деген құлшынысын арттыру – қоғам үшін маңызды қадам болмақ.
А.БОКИРОВА
Индер ауданы