ЭЛЕКТРОМОНТЕР БОЛУДЫ ТАҢДАДЫМ

Менің бұл өмірдегі мақсаттарымның бірі – қоғамға пайдалы маман иесі болу. Осы ой мені электромонтер мамандығын таңдауға итермеледі. Электр қуаты – қазіргі заманның басты қажеттіліктерінің бірі.

Үйде, мектепте, өндірісте немесе кез келген қоғамдық орында жарықтың, электр құрылғыларының үздіксіз жұмыс істеуі – электромонтердің еңбегі. Бұл мамандықтың маңыздылығы мені еріксіз баурап алды. Сонымен қатар мен бала кезімнен техникаға, сымдар мен құрылғылардың қалай жұмыс істейтініне қызығатынмын. Сол қызығушылық менің осы салаға бет бұруыма себеп болды. Электромонтер – тек сым жалғаушы емес, ол – қауіпсіздік пен дәлдіктің иесі. Бұл маман иесі күн сайын түрлі қауіп- қатермен бетпе-бет келеді. Сол себепті бұл кәсіпке үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Мен өзімнің мұқияттылығым мен ұқыптылығым арқылы бұл салада жақсы маман бола алатыныма сенемін.

Сондай-ақ, бұл мамандықтың еңбек нарығында сұранысқа ие болуы – болашаққа де- ген сенімді нығайта түседі. Электр жүйелерін жөндеу, қызмет көрсету және жаңа нысандарды жарықтандыру – барлығы да кәсіби электромонтердің қатысуын талап етеді. Сондықтан бұл мамандық ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Электромонтер мамандығы – заманауи қоғам үшін аса қажетті және жауапкершілігі жоғары мамандықтардың бірі. Бұл салада Индер көп бейінді ауыл шаруашылық колледжінде білім ала отырып, мен тек теориялық емес, сонымен қатар тәжірибелік маңызды дағдыларды игеріп жатырмын. Ең алдымен, мен электр қуатының негізгі заңдылықтарын, яғни Ом заңы, кернеу, ток күші мен қуат арасындағы байланысты меңгердім. Сонымен қатар электр тізбектерін құрастыру, сымдарды дұрыс жалғау және электр құрылғыларын қауіпсіз түрде орнату әдістерін үйренудемін.

Тәжірибе барысында әртүрлі құрал-саймандармен жұмыс істеуді, оның ішінде мультиметр, вольтметр, амперметр және дәнекерлеу жабдықтарын пайдалануды меңгеріп келемін. Бұл құралдар электр жүйелерін тексеріп, ақауларды табуға көмектеседі. Ең маңыздысы – мен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңызын түсіндім. Электрмен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік техникасын сақтау – өз өміріміз бен айналадағы адамдардың қауіпсіздігі үшін аса қажет. Электромонтер болу тек техникамен жұмыс істеу ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік пен тиянақтылықты талап етеді. Бұл мамандық арқылы мен өз қолыммен нақты нәтиже шығара алатынымды көріп, кәсіби болашағыма сенімді бола түстім. 2025 жыл Қазақстанда Президент бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты — қоғамда еңбек мамандықтарына деген құрметті арттыру және экономикалық даму үшін олардың рөлін атап өту.

Энергетика мен құрылыс салалары инфрақұрылымдық тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі бағыттар болып табылады. Енді, міне, биыл жұмысшы мамандықтарды ынталандыру, білім беру жүйесін жаңғырту, жастардың осы салаға деген таңдауын арт- тыру және мамандарға қолайлы жағдайлар жасау көзделіп отыр. Бұл елдің экономикасын нығайтуға және болашақта бәсекеге қабілетті кадрларды дайындауға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Юсуп КОНЫРБАЕВ,

Индер аудандық көп бейінді колледжінің

электр жабдықтары мамандығы

 студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT