«Ел ұйтқысы - ене мен келін»

Жас шаңырақтың шайқалмауына ене мен келін арасындағы қарым-қатынас та айтарлықтай әсер етеді. Ежелден аражігі ажырамай сары майдай сақталып келген осы бір көне әдет-ғұрыпқа кешегі келмеске кеткен кеңес өкіметі кезінде сызат түсті. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде де шытынап сынған шыны секілді кейбір отбасыларда ене мен келін арасы келіспей келеді. 

Сондықтан тереңге тартқан тамырымызды тауып, қайткенде сабақтастырамыз, өткенімізді қалай жаңғыртып, жас келіндердің санасына үлкенді сыйлау, енені құрметтеу секілді халқымыздың асыл құндылықтарын бойына қайтсек сіңіреміз деген ой кім-кімді де мазалары хақ.

Шоқпартоғай ауылындағы мәдениет үйінде Отбасы күніне орай аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Ел ұйтқысы – ене мен келін» атты аудандық сайыс, міне, осы мақсатты көздеді. Ене мен келін арасындағы татулықты, ежелден келе жатқан қазақы қарым-қатынасты, әдет-ғұрыпты, ауызбіршілікті насихаттауды көздеген шараға ауданның барлық ауылдық округтерінен, қала мен кенттен де «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» өнегелі енелер мен үлгілі келіндер қатысып, бақ сынады. Сайыскерлер «Мен-қазақтың келіні, анасымен», «Өнермен өрге жүзерміз», «Қолөнер-сырлы өнер», «Қонақ күту», «Сұрақ-жауап» деген бес кезең бойынша сынға түсіп, бар өнерін ортаға салды.

Алғашқы кезеңде ене мен келіндер өздерін өлең сөздің құдіреті арқылы өзі және отбасын көпшілікке таныстырып шықты. Барлық қатысушылар өнерге келгенде де тосылып қалмады. «Өнермен өрге жүзерміз» кезеңінде сайыскерлер «Қазақтың ерке қызымын», «Қазақы дастарханым», «Жылыойға сәлем» әндерін шырқап көрермен көңілін бір көтеріп тастаса, шоқпартоғайлық Зәмзәгүл Жиенбаева мен Камила Құрманғазықызы қазақтың қоңыр домбырасымен күмбірлете күй тартты. Ал тұрғызбалық ене-келін Маржанқыз Шегірова мен Айымгүл Таңбайқызы сәби бесікке салу рәсімін жасап, қыз баланың бойжетіп, ұясынан ұзатылғанға дейінгі өмір кезеңдерін қойылым ретінде көрсетіп, көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Әсіресе мәнерлеп оқылған «Ана махаббаты» поэмасы жүректі тебірентпей қоймады. Көрермендер құлсарылық ене мен келін Хадиша Нұрғанова мен Юлиана Новикова өз өнерімен сахнаға шыққанда асқан ризашылықпен қол соқты. Өйткені «діні басқа болса да тілегі бір, ділі басқа болса да тілегі бір» Юлиана ұлты орыс екендігіне қарамастан қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, ұлтымыздың асыл құндылықтарын ұлықтайтын инабатты да ибалы келін екенін көрсете білді. Ол «Қазақтың келіндері-ай» әнін жанды дауыста шырқағанда зал толы көрермен енеден өнеге алған келіннің өнеріне ғана емес, сахнадағы жарасымды жүрісіне де сүйсінді. Қазақтың келіні ән салып жүріп қонақтарға өзінің қолымен дайындаған дәмін таратты.

Сайыс сахнасына бір сәт әжелер ансамблі шығып, халық әні «Дедімай-ауды» шырқағанда ақжаулықты әжелер өнеріне қол соқпаған жан қалмады.

«Қолөнер – сырлы өнер» мен «Қонақ күте білеміз бе?» кезеңі сайыстың ең шешуші сәті еді. Бірақ сайыскерлер бұл кезде де сасқан жоқ. Келіндер өз қолымен жасаған құрақ көрпе, көпшік, шашбау, оюлы кеудеше, тоқылған орамал және бисерден жасалған сөмкелер әкеліп, қазылар алқасына ұсынды. Келесі кезеңде әрқайсысы өз үйінің ас бөлмесінен шыққан дәмі тіл үйірер тамақ түрлерін алып шықты. Әсіресе буы бұрқыраған ет пен бұжы, ыстық бауырсақ, балдай қаймақ пен құрт-ірімшік, шұбат пен қымыз, айран секілді ұлттық тағамдар мен дастарханның сәнін келтірер өзге ас мәзірлерін ұсынып, залдағы көрермендерге ауыз тигізді. Өзгелерден Хадиша ананың келіні Юлиана да қалысқан жоқ. «Алғаш келін болып түскенде бұжы жасауды екінші анам үйретті» - деген ол өз қолымен пісіріп, дайындаған бұжысы мен бауырсағын, шұбатын алып келді. Осылайша ененің тәлімін алған келісті келіндер қазақтың салт-дәстүріне сай қонақ күтуге келгенде де алдына жан салмайтынын көрсете білді.

Қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдарына қатысты сауалдарымен састырған «Сұрақ-жауап» кезеңінен де сүрінбеген үміткерлер үдеден шығып, жан-жақты екендігін тағы бір дәлелдеді.

Сайысты қорытындылап, сөз сөйлеген қазылар алқасының төрайымы Мәдина Әбдіғалиева татулықты ту еткен барлық ене мен келіндерге жұрекжарды алғыс сезімін білдірді.

-Бүгінгі сайысқа қатысқан барлық ене мен келіндердің қай-қайсысы да жеңімпаз болуға лайықты. Бойындағы барлық асыл қасиетін паш етіп, ене мен келіннің қандай болуы керектігінің нақ үлгісін көрсете алды. Тек сахнада ғана емес, күнделікті өмірде де осы татулықтан айнымай, өскелең ұрпаққа өнегелі із қалдыра беріңіздер,- деп ізгі тілегін жеткізді.

Расында да жүлдеге лайықты нәзік жандарды қазылар алқасы орын беріп бөліп жатпады. Сахна төріне көтерілген Қара Арна ауылдық округінің әкімі Ерболат Елеусінов барлық қатысушыларды әртүрлі номинация бойынша марапаттады. Қазылар алқасының шешімімен үздік өнерімен ерекше көзге түскен құлсарылық ене мен келін Хадиша Нұрғанова мен Юлиана Новикова «Ел ұйытқысы ене мен келін – 2024» номинациясын жеңіп алды. Ал шоқпартоғайлық Зәмзәгүл Жиенбаева мен Камила Құрманғазықызы «Өнерлі отбасы» атанса, майкөмгендік Айтбике Қабақова мен келіні Райхан Жолдасова «Шебер отбасы», тұрғызбалық Маржанқыз Шегірова мен Айымгүл Таңбайқызы «Көрегенді отбасы» номинациясын иеленді. Жаңа Қаратоннан келген ене мен келін Айман Құтышева мен Айтолқын Әлихановаға «Инабатты отбасы» ақкиізтоғайлық Алмагүл Жаңбырбаева мен Арманай Өтешоваға «Білімді отбасы» номинациясы берілді. Ауыл әкімі барша марапат иелеріне арнайы алғысхат пен бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Отбасылық өмірдің артықшылығы - ене мен келін арасындағы татулықты ту етіп, көпшілікке дәріптей білген қатысушыларға көрермендер де алғысын білдіріп, ақ батасын жаудырды.

Ж.Шаңқанова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT