Осы сөз апта сайын қайталанып, әр шаңырақта айтылатынын көп ескере бермейміз. Ал бұл сөздің астарында аудандық газетке деген елдің сүйіспеншілігін байқайсыз. Биыл тарихи 90 жылдығын тойлап отырған газет шежіре болып толғанып, бабалардай ойланып, халықпен бірге қуанып, жақсылығын жарқыратып, кемшін тұсы болса тікен тілмен түйреп түзетіп жүретініне ел куә. Шерхан аға айтқандай, «Жегені жантақ, арқалағаны алтын» журналистердің бірде от, бірде оқ болып борайтын қалам деген қаруының қасиеті деп түсінемін.
Менің ақ параққа жүрексіне жазған алғашқы өлеңім аудандық газетке басылып, қуанғаным есімде. 1995 жылы газет редакциясының ғимаратына имене кіріп, Е.Көшеков деген есікті қақтым. «Кір» деп гүр еткен дауыстан кейін ішке ендім. Келген себебім – 10 жыл бұрын өмірден өткен әкеме арнаған «Әке рухымен сырласу» деген өлеңімді газет бетіне шығарсам деген ой. Ағаға амандасқаннан кейін босағада үнсіз тұрып қалсам керек, төрде отырған Ерсайын аға алдындағы орындықты нұсқады. Ұзын бөлме, бұрын елге белгілі ағалардың алдына көп барып көрмеген мен қолымдағы қағазым желбіреп төрге қарай жүріп келемін, қобалжығаннан ба, жеткізбейді. Әйтеуір екі орта жер мен көктей алыс болып көрінгені-ай. Өлеңімді оқып риза болған Ерсайын аға келесі кабинеттен ақын, журналистер Сансызбай мен Сүйеу ағаларды шақырып, мені таныстырып, өлең жазу туралы ақылын айтып, қалам ұстауыма септігін тигізген еді. Бұл – ағалардың берген ақ батасы, ақ жолы деп білемін. Кей бір мәселе ақпарат құралы араласқан соң шешімін тауып жататыны шындық.
«Тарихыңды білмей, болашағыңды болжай алмайсың» дегендей, Аққала ауылы алақандай болғанмен, тарихының тамыры тереңде жатыр. Осы орайда «Дендер» газетінің мүмкін еместі мүмкін ететіні туралы тоқталайын. Біздің бала кезімізде ауылымызда бір өзгеше дөңгелек, алып тас болатын. «Қасиеттілігі сол ауылдан Ұлы Отан соғысына аттанған еразаматтар сол тасқа есімін қашап ойып жазып кетуші еді» дейді көнекөз қарттарымыз. Аққала халқы оны киелі тас санайтын, соғыстан оралмаған боздақтардың көзіндей көретін. Ол тас 1979 жылдың аяғына қарай Индер мұражайына (музейіне) алынған екен, ал кейін мұражай алдынан ол тас көрінбей кетті. Ел егемендік алып, ес жинаған сәтте ауыл «Жұмбақтасын» жоқтады.
Сол кезде менің «Жұмбақ тас» атты балладам дүниеге келіп, «Дендер» газетінде жарық көрген соң аз ғана күндерден кейін ұялы телефоным ұйқымды бұзып, шыр етіп өзіне шақырды. Тұтқаны көтеріп сөйлессем, Аққала ауылының азаматы, аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Сәбит Ақжігітов екен. «Аға, мен Аққаладағы Жұмбақтасты Махамбет ауданы орталығынан таптым, талай ойнап, асығымызды қайраған тас қой. Сұрадым, бермейді, дәлел керек, аға! Сіздің «Дендер» газетіне шыққан өлеңіңізді көрсетуім керек. Ертең барып алып кетемін, дайындап қойыңызшы» - деді Сәбит.
Сәби кезіндегі ойнаған тасына деген сағынышы ма, әлде ауылына деген махаббаты ма, әйтеуір, дауысында діріл бар. Содан екі аптадан кейін туған өлке десе жүрегін жұлып беретін Сәбит ауылға екі жүк көлігімен «Жұмбақтасты» алып келгенде, ауыл қарттары көзіне жас алып, 30 жылдан кейін оралған тасты құшақтағанда тебіренбеген жан қалмады. Қазір сол тас өзі куә болып соғысқа аттандырып салған, бірақ көбі қан майданнан оралмаған боздақтар ескерткішінің жанынан орын алды.
Бұл баспасөздің құдіреттілігі, аудандық газеттің беделінің биіктігі емес пе? Аудан айнасындай болған «Дендер» газеті туралы көкейде жүрген көркем ой осы еді...
Камалиден ІЗІМОВ,
Аққала ауылы