Мәдениет үйінде аудан әкімі Дарын Шамұратов пен аудандық мәслихат хатшысы Абзал Рамазанов көктемгі су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды марапаттады.
-Биыл елімізде жойқын табиғи апат орын алды. Ел көлемінде бірнеше мыңдаған адамның тұрғын үйін су басты. Іргеміздегі шағын ғана Жем өзені мінез көрсеткенде көршілес Құлсары қаласын да су басып, тұрғындары әбігерге қалды. Ал ақ Жайық тулағанда жоғарыдағы суды сығымдап отырған көршілердің қалалары біренен соң бірі суға кетті. Бұл қауіп Жайық жағасында отырған бізге де төнді. Өзіміз куә болған 1993-1994 жылдары Құрылыс, Жарсуат ауылдарына қауіп төнсе, 1959 жылы тасқында үлкендерден «Жарсуатты су басып, ауыл ішінде қайықпен жүрдік» деген әңгімелерді де естіген едік. Ал арада 30 жылдан кейінгі жойқын тасқында ел азаматтарының бірлігі арқасында бірнеше шақырымға созылған бөгетті бекем тұрғызып, аман шықтық.
-Ауданда бұрын 17 шақырым қашықтықты құрайтын ескі бөгеттің ізі болған. Биыл бұл бөгеттерді қайта қалпына келтірумен қатар, жалпы ұзындығы 34 шақырымды құрайтын бөгет соғып шықтық. Бұл іргелі іске тартылған техника мен оның арендасы, жанар-жағармайы, қапшығы, салафаны сынды керек-жарағының бәрін қосқанда 207 млн теңге қаржы жұмсалды. Бұл – басқа өңірлермен салыстырғанда, өте төмен көрсеткіш. Біз бюджеттің қаражатын неғұрлым үнемді пайдаландық. Төтенше жағдай кезінде бір көзден қол қоюға, тікелей мердігер мекемелерді анықтауға құқық берілді. Бюджеттің бір тиынын басқа мақсатқа кетпегеніне толық кепілдік бере аламын. Су тасқыны кезінде осы арадағы үлкен ағаларымыздан бастап, мекеме-ұжымдар, белсенді азаматтар Индерімізді, туған жерімізді қалай қадірлей білетіндігіміздің ерекше үлгісін көрсетті. Барлығы өзінің туған жеріне деген перзенттік парызы ретінде адал қызмет етті. Уақытпен санаспай, бөгеттің басынан табылып, әркім қолынан келгенше қолдау көмегін көрсетті. Су тасқыны кезінде ерекше еңбегімен танылған ауылдың азаматтарына ақ ниетімізді бүгін алғыс түрінде жеткізуді жөн көрдік, - деді аудан әкімі Дарын Дүйсембайұлы.
Көктемгі су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысып, сын сағаттарда бірлік танытып, күні-түні еңбек еткен азаматтарды марапаттау шарасы Елтай, Есбол, Ынтымақ ауылдарында жалғасын тапты.
С.БАЗАРБАЕВ