Ауылға газ жетпей жатыр

Өрлік ауылдық округі Атырау қаласынан 134 км қашықтықта Атырау-Орал тас жолының бойында орналасқан. Мұнда 3130 тұрғын бар. Өндіріс орындары болмағанмен, жергілікті халық ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал және егін шаруашылығымен айналысады. Өнімдерін Атырау қаласына апарып сатады. Өкінішке орай, бір кездері қоғам қайраткері Сағидолла Құбашев басқарған орденді Өрліктің халқы газ құю бекетіндегі  сұйық отынның тапшылығын көріп отыр. 


Мысалы, ауыл тұрғыны Серғазы Жұмажанов: 
-Ауылымызда мамыр айында ашылып, жұмыс істеп жатқан «Өрлеу» мекемесінің газ құю бекеті қазіргі уақытта ауылымыз үшін үлкен сұранысқа ие. Осы маңдағы барлық техникасы бар жүргізушілер мен трассадағы көліктер осы бекеттен газ алады. Алайда берілетін газ көлемі өте аз. Сол себепті осы мекемеге берілетін газ көлемін көбейтуді сұраймыз. Айына 70-80 тоннаға дейін газ берілсе, ауылдың сұранысын толық жабады деген ойдамын,-дейді ол. 


Шынында да бүгінгі таңда қысқа дайындық мәселесі қарқынды жүріп жатыр. Ал техника иелері жанармайдың қымбаттылығына байланысты қиындыққа тап болып отыр. Мұны өзге де ауыл тұрғындары сөзсіз қолдап отыр.


-Мен мамыр айынан бастап аштым. Бес адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Алғашында айына 5 тонна ғана газ берді. Ол өз өзін ешқашан ақтамайды. Өйткені еңбекшілердің айлық еңбекақысы, әлеуметтік төлемдері, энергия төлемі бар ғой. Қазір 10-12 тоннаға дейін ұлғайтты. Мысалы, 1 мамырдан 1 қыркүйекке дейін бар болғаны 68 тонна берді. Оның құны басында тоннасы 45 мың теңге, кейін 50 мыңға көтерді. Қазір отынның литрін 59 теңгеден сатып жатырмыз. Қымбат көріп жатқан жоқ. Дегенмен жетпейді. Ауылға болсын деп тас жол бойындағы көліктерге бермей отырмыз,-дейді кәсіпкер Асхат Жұмағұлов.


Сонымен қатар Өрлік округінің әкімі М.Қаженов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ш.Ғаббасовқа бұл мәселені шешу жөнінде хат жолдағанмен мардымды жауап болмағанын айтты.    
Қайткенде де қыр астында қыс тұрғанда халық газден тапшылық көрмеуі қажет-ақ.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT