Атыраулық каратэшілер әлем чемпионатынан жеңіспен оралды

Австрияның Фюрстенфельд қаласында өткен годзю-рю каратэ-додан Әлем Чемпионатында еліміздің намысын қорғаған Атырау облысының «Қайсар» спорт клубының спортшылары жеңіспен елге оралды.

Ел қоржынына екі алтын, төрт қола салған жеңімпаз спортшыларымызды жерлестері Х.Доспанова атындағы Атырау халықапалық әуежайында аса құрметпен, ыстық ықыласпен қарсы алды.

Аталмыш додада Шобу Кумите бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің І курс студенті Дамир Нұрберген 21 жасқа дейінгі және ересектер арасында 84 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екі дүркін Әлем чемпионы атағын иеленді.
Ал, жеке кәсіпкер Бейбарыс Жаңбыр 84 келіден жоғары салмақта ересектер арасында Әлем чемпионы атанған болатын. Атырау облысы әкімінің орынбасары, облыстық спорт және дәстүрлі каратэ федерациясының құрметті президенті Марат Мурзиев ардагерлер арасында және «Атырау МӨЗ» ЖШС-нің электромонтері Жүсіпәлі Нұрсұлтан 84 келіден жоғары салмақта ересектер арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Сонымен қатар «Теңізшевройл» ЖШС-нің зауыт операторы Рысбек Нұрлан, Құлсары қаласының Ембі ауылындағы Жем балалар спорт мектебінің каратэ бойынша жаттықтырушысы Абылай Туекенов
Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын.

Облыстық спорттық және дәстүрлі каратэ-до федерациясының атқарушы директоры Сансызбай Торғаев жеңімпаздарды құттықтап, алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі. «Әлем чемпионатына қатысқан спортшыларымыз жарқын жеңіспен қуантып жатыр. Бұл турнир 26 елден 846 қатысушы қатысқан байрақты бәсеке болды. Тартысқа толы жарыста біздің спортшыларымыздың асықтары алшысынан түсіп, еңбек ақталуда. Каратэшілеріміз әрдайым жоғары жетістіктер көрсетіп келеді. Бәрі де үздіксіз жаттығу мен еңбектің нәтижесі. Сен тұр, мен атайын деген бір-бірінен асып түсер кіл мықтылар жиналған өте жоғары деңгейдегі жарыс болды. Спортшыларымызға қашан да сәттілік тілеймін», — деген Сансызбай Торғаев спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілер атынан Атырау облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына және Атырау облыстық спортттық және дәстүрлі каратэ-до федерациясының президенті Сатыбалды Мағзомовқа қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

«Қайсар» спорт клубында 2006 жылдан бері жаттығып жүрген, Әлем чемпионатының алтын жүлдегері Бейбарыс Жаңбыр қолдап, ерекше құрметпен күтіп алып жатқан жерлестеріне риясыз ризшалығын білдірді.
–Бүгін бізді қолдап, ерекше құрметпен күтіп алып жатқан жерлестерімізге алғысым шексіз! Әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар да, қарсыластарым да өз ісінің хас шебері. Дегенмен бақ пен бап қатар шауып, кәсіби түрде дайындалғанымыздың нәтижесінде жеңіске жеттік, — деді Б.Жаңбыр.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT