Қасиетті Рамазан айының аясында облыс имамдары сауапты істерге мұрындық болуда. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Атырау өкілдігіне қарасты Сұлтан Бейбарыс мешіті "Жүрек жылуы" қайырымдылық шарасы аясында Есбол ауылын да тұратын тұрмысы төмен отбасыларына тегін азық-түлік беріп, қолғабыс жасады.
Мешіт өкілдері аталған ауылға арнайы келіп, жамағатпен жүздесіп, азықтүлікті табыстады. «СитСтрой» компаниясы ұсынған жылдық зекетінің мөлшерінен 1 млн теңге қаражат бөлініп, осындағы 100 отбасының әрқайсысына 10 мың теңгеден берді.
Аталмыш мешіттің имамы Ержан Қағазғалиевтың айтуынша, бұл қайырымдылық шарасы Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының бас мүфтиі Науырзбай қажы Тағанұлының бастамасымен өмірге келген «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық шарасымен орайласып жасалып отыр. Облыс орталығынан арнайы келген көмекті алушылар өздеріне берілген жәрдем үшін мешіт имамдарына алғыстарын білдірді.
Айта кетуіміз керек, Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының бастамасымен атымтай жомарт азаматтардың қолдауымен «Ел үлесі - пәтерге» акциясы аясында 140-тан астам үй баспанаға мұқтаж отбасыларға берілген. Оның ішінде атыраулықтардың да үлесі зор.
Сұңқар ЕРСАЙЫНҰЛЫ