Индер аудандық "Дендер" қоғамдық-саяси газетінің тілшісі, қарымды қаламгер Сүйеу Халықовқа «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев бастаған әріптестері құрмет көрсетіп, зейнеткерлік демалысқа шығарып салды.
Баспасөз орталығында өткен салтанатты жиында медиа серіктестік директоры Ы.Егембердиев аға журналистің еңбегіне айрықша тоқталып, Алғыс хат табыстады. Қазақстанның Құрметті журналисі Исатай Балмағамбетов әріптесінің қандайма сала болмасын кең көсіле жаза алатын, тың тақырыптарды тауып көтере білетін шеберілігіне тәнті болғанын атап, ізгі тілегін жеткізді. Кәсіподақ ұйымының төрағасы, журналист Қаршыға Көшеков ағамен қанаттаса жүріп еңбек еткен кезеңін сөз етіп, демалыс-сауықтыру орнына арналған жолдаманы табыс етті.
Алты ондықты еншілеп, кемелденер кезеңге жол бастайтын 63 жасты бағындырған ақылман азамат, қаламы жүйрік журналист Сүйеу ағамыздың де зейнеткерлік жасқа жетіп қалғанына да көңіл сенбестей әсерде болып отырғанымыз жасырын емес. Сонау 1984 жылы Алматыдағы Әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, аз уақыт сол ару қалада еңбек еткенімен, кейінгі өмір жолы осы ауданның бас шежірешісі «Дендер» газетінде өрілді.
Мектеп қабырғасында жүрген сәттен бастап шығармашылық жолын қалыптастырған балаң жастың кейіннен аудандық басылымда, тілші, аға тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, бас редактор секілді міндеттерді мінсіз атқарған қалам иесі. Кеңес үкіметі тарап тәуелсіз ел атанған алма-ғайып қиын кезеңдерде жартымды жалақының жоқтығына қарамастан, өз ісіне шын берілгендіктен кәсібіне адалдық таныта білген журналист әріптестерімен бірлесіп сүйікті «Дендер» газетін өз оқырманына дер кезінде сапалы әрі мазмұнды сипатқа жетуіне сүбелі үлес қосты.
Тарих қойнауындағы сырды ақтарған толғамдары мен дәйекті деректері көп кітапқа арқау болар құнды дүниеге айналды. Өрелі өлеңдері сыршыл жүректің сырын ашты. Қаламынан туған әрбір мақаланың астарында санаға түйер тәліммен, сол арқылы толғақты түйінді тарқата білген азулы қаламгерлердің бірі әрі бірегейі десек кейінгі ізбасар інілері біз қателеспейміз. Артыңыздан ерген іні-қарындастарыңызға жол көрсетер тәжірибесі толысқан тәлімгері бола білген аға қаламгерді зейнеткерік демалысқа шығарып салу салтанатында осы жайлар көптің санасында жаңғырып тұрғаны анық.
Біз де өз сөзімізде арда туған азаматқа жанға жайлы жайдарлы демалыс тілеп, алдымызда ақылшы болып жүре беріңіз деген ниет білдірдік.
Сұңқар ЕРСАЙЫНҰЛЫ