Қарақат Әбден: Көп балалы ана болу – нағыз ерлік

ҚР президенті болуға үміткер Қарақат Әбден Ақтөбе қаласының сайлаушылармен кездесу өткізді. Сайлауалды жиында үміткер жергілікті тұрғындармен, Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдерімен кездесті.  
    Жиын барысында президенттікке үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, әлеуметтік сала, әйелдің қоғамдағы рөлі мен көп балалы әйелдердің жағдайы туралы сөз қозғалды. «Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен әлемді тербеген көп балалы аналар қоғамға, жастарға  үлгі болу керек. Көп балалы ана болу – нағыз ерлік. Бүгінгі кездесуде келген ақтөбелік әйелдер қауымы осының жарқын үлгісі бола алады. Олардың белсенділік танытып жүргені қуантады. Ел игілігі үшін әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін дұрыс бағытта дамыту, ежелден қалыптасқан ұлттық құндылықтарды сақтау мен отбасындағы  бала тәрбиесі әйелдердің басты назарында екені белгілі болды. Өзім көп балалы ана ретінде әйел-ана, қазақ қызы ұлт айнасына айналу керек деп санаймын», - деп атап өтті Қарақат Әбден. Жиналған әйелдер қауымы бала тәрбиесіндегі тіл мәселесінің өзектілігін де тілге тиек етті.
«Әйел адам отбасында да, іскерлік бағытта да жетістікке жету үшін жан-жақты болып, іздену керек, өзін дамыту керек екендігін түсіндім. Қарақат Әбден бүгін бізге үлкен мотивация берді», -деп бөлісті Ақтөбе қаласының Іскер әйелдер кеңесінің жастар қанаты төрайымы Майра Сауырбаева.
Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола облысы, Қарағанды, Астана, Екібастұз, Семей, Павлодар, Талғар, Есік қалаларының тұрғындарымен жүздескен еді. Алдағы уақытта оның Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ұлытау облысы сайлаушыларымен кездесу өткізетіні мәлім.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT