"Айналайынның" айы оңынан тумай тұр

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ТӨРТІНШІ ОТЫРЫСЫНДА: «БІРАҚ МЫНАНЫ ЕСКЕРТКІМ КЕЛЕДІ: ОСЫ ЖОСПАРДЫҢ БӘРІ ШЫНАЙЫ ЕСЕП-ҚИСАПҚА ЖӘНЕ ТАБАНДЫ ЖҰМЫСҚА НЕГІЗДЕЛУГЕ ТИІС. КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ ПЕН КӨПІРМЕ СӨЗГЕ ӘБДЕН ТОЙДЫҚ. ЕНДІ ОНЫҢ СҰРАУЫ ҚАТТЫ БОЛАДЫ. БІЗ БАСТАМА КӨТЕРІП, КЕЙІННЕН ОНЫ ҰМЫТЫП КЕТЕМІЗ. ТІПТІ ЖЕЛГЕ ҰШАДЫ ДЕУГЕ БОЛАДЫ» – ДЕП НАҚТЫ АЙТТЫ. ШЫНЫНДА ДА ПРЕЗИДЕНТ АЙТҚАН ОЛҚЫЛЫҚТАРДЫҢ БАРЫ РАС.

АЙТАЛЫҚ, КЕНТ БАСЫНДА МЕКТЕПКЕ ДЕЙІН БІЛІМ БЕРЕТІН ТӨРТ БӨБЕКЖАЙ-БАҚША БАР. СОНЫҢ БІРІ – «ШЫҒЫС» МӨЛТЕК АУДАНЫНДА ОРНАЛАСҚАН 190 ОРЫНДЫҚ «АЙНАЛАЙЫН» БӨБЕКЖАЙ-БАЛАБАҚШАСЫ. АЛАЙДА РЕСПУБЛИКАДА ҮЗДІК ҚҰЗІРЕТТІЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ БІРІ САНАЛАТЫН, ПЕДАГОГТАРЫ ОБЛЫС, РЕСПУБЛИКА КӨЛЕМІНДЕ ТӘЖІРИБЕЛЕРІН ТАРАТЫП ЖҮРГЕН, ЗАМАНАУИ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚПЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛҒАН БАЛАБАҚША ҒИМАРАТЫНЫҢ «СЫРТЫ БҮТІН, ІШІ ТҮТІН».

ҮЗДІК БАЛАБАҚШАНЫҢ СИҚЫ – ОСЫ

Бар болғаны осыдан 7-8 жыл бұрын яғни 2018 жылы пайдалануға берілген ғимарат ашылғалы жөндеуден көз ашпапты. Бөбекжай-бақшаның меңгерушісі Светлана Жанғалидың айтуынша, балабақша құрылысын мердігер «Дияр и Компания» ЖШС (директоры Е.Аткиев) 2016 жылдың қыркүйегінде бастап, 2017 жылдың тамыз айында аяқтаған. Бюджеттен 558 млн 568 мың теңге қаражат бөлініп, ғимарат құрылысын аяқтап, құрал-жабдықтармен жабдықтаған.

– 2018 жылдың қаңтар айында кіргеннен бері жаңбырлы күндері шатырдан су ақты, жертөлеге су толды, терезелері ашылып-жабылмаған соң оны скотчпен бітеп, қыстыгүні жылуы да мардымсыз болып, жөндеттік. Дренаждың дұрыс салынбауынан балабақшаның артқы және алдыңғы бөлігі судан толып тұратын. Жазғы ойын алаңының жабдықталуы да балаларға қауіпті, яғни сүргіленбеген, өңделмеген ағаштан, болмаса темірден жасалған. Құмсауыттарының күннен қорғанатын қалқаншасы да жоқ болды. Сондықтан құрылтайшы аудан әкімдігіне мәселені жеткіздік. Кепілдік мерзімі бітпегенімен, мердігер грунтовка мен бір жәшік көбік беріп жіберіп, қызметкерлерім қауіпті болса да шатырға өздері шығып, жарықтарды бітеген еді, - дейді Светлана Жанғали.

Осы күнге дейін қандай жағдай болмасын балабақша қызметкерлерінің ұйымшылдығының арқасында өз күштерімен құлаған жерлерін сырлап қалпына келтіріп, өз үйіндей қамқор болып келеді. Ал өткен жылы ойын алаңын қайтадан жасақтауға 48 млн 720 мың теңге, ал шатыр, дренаж, т.б жұмыстарға 32 млн 640 мың теңге бөлініп, жөндеуден өткен. Қазір барлығы сапалы күйде екен.

ЖАНАЙҚАЙДЫҢ ЖАНЫ БАР

Бөбекжай-бақшадағы ахуалмен танысу үшін барғанымызда кіреберістегі еденнің бір бөлігі төмен түсіп кеткендігін көрдік. Еден төмен түсіп кеткендіктен қабырғалары жарылып, плинтустар ажырап, үңірейіп тұр, кей тұстарында кафельдер түсіп қалған. Яғни ғимараттың кіреберісі, изолятор, медбике, екі топ бөлмелерінің едені де осындай күйде. Меңгерушінің шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Асылбек Құспан күн ыссыда шатырдан ішке қара шайыр ағатынын айтты. Тіпті биылғы қаңтар айында бөлек орналасқан жылужай мен балабақшаға дейінгі жылу құбыры жарылып, оны бір күнде жөндепті. Алайда ыссы су құбыры істен шыққан. Қазір балабақшада ыссы су жоқ. – Біз үшін балалардың қауіпсіздігі маңызды. Мамандар жарылған ішкі қабырғалар қауіпті емес, жөндеуге болады деп отыр. Десе де апатты жағдайда болғаннан кейін аудандық білім бөлімі басшысынан бір топты (25 бала) уақытша жабу жөнінде рұқсат алдым, - дейді балабақша басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда балабақшадағы аталған олқылықтарды жою үшін техникалық сараптама жасаттырып, ақаулық тізімдемесі жасақталуда екен.

– Биыл балабақшада төрт бөлменің едені мен қабырға жарларын қалыпқа келтіру, терезелердің резинкасын ауыстыру, жылу және ыссы су құбырын (котельный мен балабақшаға дейінгі) жөндеуден өткізу жұмыстары жасалады деп жоспарланып отыр. Қаржы көлемі, мердігер әлі анықталған жоқ, – дейді ол.

 

 

«БАЛАМЫЗҒА КЕСІРІ ТИІП ОТЫР»

Айта кетейік, аталмыш мекемеде жалпы топта 175 бала болса, 12 бала инклюзивті топта тәрбиеленуде. Қазіргі қоғамда ерекше білімді қажет ететін бұл балалармен логопед, дефектолог, психолог секілді арнайы мамандар жұмыс жасайды. Балабақшаға тек кент емес, ауылдық округтерден де балалар күнделікті қатынайды.

– Жалпы баланың болмыс-бітімінің, тұлға болып қалыптасуының басы балабақша деуге әбден болады. Балабақша – балдырған балалардың екінші отбасы. Сондықтан балабақшаның жұмысына қалай болса солай қарауға болмайды. Мен білім бөлімінде жұмыс жасап жүрген кезде ауданда 4 балабақша бар еді. Әлі де солай болар деп ойлаймын. Болар деуімнің де себебі бар. Әлеуметтік желі арқылы «Айналайын» балабақшасының жұмысымен ғана толық таныспын. Басқа балабақшаларда үн жоқ, ақыры үнсіз жұмыс істеп жатқан шығар. Әр ата-ана балаларының жақсы деп танылған балабақшаға барғанын жақсы көреді ғой. Сол бақша – «Айналайын» десем, артық айтқандық болмас. Материалдық-техникалық базасы, кадрларының сапалық құрамы жоғары, оқу-тәрбие үрдісі жаңалықпен байытылған, аурасы керемет, балалармен ғана емес, ата-аналармен жұмыс істеу табиғаты бөлек мекеме бұл. Сонысымен республикадағы таңдаулы жүз балабақшаның қатарында. Бұл мекеменің тағы бір ерекшелігі – өткен жылдан бермен мұнда ерекше балаларға арналған арнайы топ жұмыс жасап келеді. Менің де Шаһсұлтан деген балам осы группаға Аққала ауылынан қатынайды. Осы балабақшаға бергеніме өкінбеймін. Ерекше баламен жұмыс жасайтын тәрбиешілерінің жүздері жылы, қабақтары ашық. Олармен жұмыс жасау оңай емес. Әртүрлі шаралар жоғары деңгейде өтеді, барлығына қатысамыз. Топтағы басқа да ата-аналар осындай топтың ашылғанына, балаларының алға жылжуына қуанып отырамыз. Алайда осыған дейінгі сапасыз құрылыстың салдарынан қабырғалар шытынап, ақыры бірінші күннен бастап баламның тобы жөндеу жұмыстарына байланысты жабылды. Жабылғанына кәдімгідей қиналып қалып отырмыз. Топқа келген балалардың едәуір алға жылжуы, жетістігі бар. Сондықтан жөндеу жұмыстары тезірек сапалы аяқталып, жұмысын жалғастырса екен деймін. «Айналайын» балабақшасының Светлана Жанғалиқызы бастаған педұжымының әр ісіне сәттілік тілей отырып, бұдан әрі де берекелі жұмыстарының мерекесіне кенеліп, балалардың бал күлкісіне бөлене берсін деген тілегімді білдіремін, – дейді Қымбат Кәрім.

АТҚАРУШЫ БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?

– «Айналайын» бөбекжайбақшасындағы ахуалмен білім бөлімінің басшысымен бірге барып, таныстым. Осыған дейін техникалық тексеру жұмыстары жасалған. Қазіргі таңда бүлінген, жарылған қабырға, еденді қалпына келтіру мақсатында жобалықсметалық құжаттары жасалып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімінің орынбасары Әсет Оразғалиев.

Әйтеуір, «Айналайын» бөбекжайының айы оңынан тумай тұр. Осы істі атқаруға тиісті органдардың олқылығынан болып отыр. Бүлдіршіндер үйі жайнап тұрудың орнына бүлінген үстіне бүлініп жатыр. Сол кездегі тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасының бұған бейжай қарауын қалай түсінуге болады. Енді, міне, соның кесірінен халықтың қаржысына қайта жөнделмек. Әрине, ысырап. Дегенмен сапалы болса игі.

Жадыра НАРИМАНОВА,

суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT