Таяуда Астана қаласындағы ұлттық музейде «Әйелдердің ауылдық аймақтарды орнықты дамытуға қосқан үлесі» атты Қазақстанның ауыл әйелдерінің І форумы өткен болатын.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда әйелдердің жетістіктері мен үлесін көрсету үшін платформа құру, сондай-ақ әйелдерді ынталандыру, оларды жасыл экономикаға тарту, органикалық ауыл шаруашылығын және ауылдағы жұмыспен қамтудың түрлі нысандарын енгізу мақсатындағы форумға еліміздің әр түкпірінен 250-ге тарта делегат жиналды. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауқызы бастамасымен барған облыстық делегация құрамында Индер ауданынан жеке кәсіпкер, Ақжібек Керімбайқызы Сабырғалиева да болып, «Ауылдағы отбасылық кәсіпкерліктің үздік жетекшісі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл жөнінде А.Керімбайқызы:
–Форумға өзге облыстардан мықты, белсенді, іскер деген нәзік жандылар қатысты. Оларды әр әйелдің өзіне тән жетістіктері, кәсібі мен қабілеттерін ескеріп бағалап марапаттаса, мені де қоғамға деген өз үлесімді қосқаным үшін құрмет көрсетті, – дейді.
Міне, осы сияқты, отбасы мен қызметін бірге алып жүрген табысты әйелдер қоғамда белсенді болып жүргені көп. Әрбір ауыл әйелдері өздерінің қайсарлықтары, батылдықтары мен сенімділігімен алдарына мақсат қойып алға ұмтылса, табысты кәсіпкер, көшбасшы әйел болып шығарына нық сенім мол.
Г.ИГІЛІКОВА.