Жақында тоғызқұмалақтан облыстық біріншілікте Аққала және Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептерінің оқушыларынан құралған топ бірінші орынды еншіледі.
Қарсыластарын қапы қалдырып, командалық есепте топ жарған жерлестеріміздің жетекшісі Аққала орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Амангелді Мұратов облыс біріншілігіне қатысқан өзге де аудандардың ойыншылары тартысты ойын көрсетіп, қарсыластарынан кем түспеуге тырысып баққаны мен біздің ойыншыларымыздан есе жібергенін айтады.
Жалпы талай мәрте тоғызқұмалақтан алдыңғы орындарды есе жібермеген жерлестеріміз бұл жолыда өздерінің мықты екендіктерін тағы бір қырынан байқатты. Міне, Қарлығыш, Арайлым Құсайынова, Гүлмаржан Бейімбетова, Ақмәди Амангелді (Аққала о/м), Айбат Русланов, Бейбіт Рақымғалиев, Айсұлтан Біржанов, Ажар Жұмагелдина (Ш.Уәлиханов атындағы о/м жетекшілері Сәбит Меңдігереев) сынды тоғызқұмалақшылар тамаша тактикаға құрылған ойын өрнегімен ерекшеленіп, қатарларынан оза шауып, жеңімпаз атанғаны аудан үшін үлкен жетістік. Жүлдегерлер қатарынан көрінген оғландар алдағы уақытта өтетін додаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырады деп сенеміз.
Диас АЙБАРОВ.