Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бокстан халықаралық турнир мәресіне жетті. Көрші елдің ринг төріне Атырау облысының кіші жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Қанат Махамбетов индерлік екі боксшыны шығарды. Нәтижесінде жерлестеріміз сенімді ақтап, 40 келіде Тілек Болат пен 43 келіде Ибраһим Азамат қола жүлдегер атанды.
– Шәкіртіміз Тілек Атырау облысының құрамында 35-37 келіде шаршы алаңда өнер көрсетіп жүрген болатын. Өсіп келе жатқан жастың салмағы жоғарылап, 40 келіде шаршы алаңға көтерілді. Алғашқы кездесуінде Өзбекстан чемпионын айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалда өзіміздің Шымкент қаласынан келген спортшыға есе жіберді. Ал шәкіртіміз Ибраһим алғашқы кездесуінде қарсыласын 1-ші раундта мерзімінен бұрын жеңсе, екінші қарсыласын айқын ұтты. Жартылай финалда ғана қарсыласына жол берді. Осылайша халықаралық рингте жақсы өнер көрсете білген қос шәкіртіміз де қолаға қол жеткізіп, қуантып отыр, –дейді аудандық балалар спорт мектебінің бокс бөлімінің бапкерлері Алмат Қайратұлы мен Мейрамбек Тұрғалиев.
Сонымен қатар жерлес бапкерлер шәкірттерін осындай үлкен додаларға қосып, шеберлігін шыңдап жүрген облыстағы аға бапкер Қанат Махамбетовке алғысын білдіреді.
САЛАМАТ Б.