Аудан тұрғындары арасында саламатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту басты назарда. Өткен аптада Бөдене ауылының 1988 жылы туған азаматтарының ұйымдастыруымен Бөдене ауылы азаматтары арасында волейболдан BUDENE CUP турнирі өтті.
Индер балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұржан Бисенбаев пен Бөдене ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Сәрсенғалиев турнирге жиналған жастарға сәттілік тіледі.
13 команда арасында өткен тартысты ойын нәтижесінде Бас жүлдені 2000 жылы туылған азаматтар жеңіп алды. Ал, 1994 жылғы және 2007 жылғы азаматтар жүлделі орындарға ие болды.
Сонымен қатар, Бөдене орта мектебінің "Жебе" командасының мүшесі Сейілхан Аймағанбетов пен 1994 жылы туған азаматтар командасының мүшесі Мейрамбек Тайыров «Үздік ойыншы» атанды.
– Ауыл жастарының ұйымшылдығын арттыру мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде ауыл азаматтары болып өткізіп келеміз. Турнирді өткізуге қолдау білдірген азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз.
Кеше ғана ауылымызда спорт мектебінің қазығы қағылды. Алдағы жылдарда сол мектепте ауыл балалары спортпен шұғылданып, даңқты спортшылар шығады деп сенеміз, - дейді ұйымдастырушылар атынан Абзал Сембайұлы.
Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан Диплом, кубок және естелік сыйлықтар табысталды.
Ж.НАРИМАНОВА