Ақтаудан алтын арқалаған Азанов

Күні кеше Қазақтан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасында республикалық жазғы президенттік көпсайыс өз мәресіне жетті.

Ақтау қаласындағы «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылған республикалық жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар сайыс ережесіне сәйкес, қысқа және ұзақ қашықтыққа жүгіру, турникке тартылу секілді сынақтардан өтті. Сонымен осы үш кезеңнің ортақ нәтижесі бойынша ерлер арасында (50-59 жас категориясы бойынша) бірінші орынды Махамбет атындағы орта мектептің дене шықтыру пәнінің мұғалімі Сағат Азанов жеңіп алды.

Ал жүлделі екінші, үшінші орынды ақтаулық спортшы мен Семей, Өскемен қалаларынан келген спортшылар тең бөлісті. Оларға «Қазақстан Республикасы үздік дене шынықтыру мұғалімі» төсбелгісі мен арнайы диплом және медаль табысталды.

Айта кетейік, Сағат Азанов Махамбет атындағы орта мектепте төрт жылдан бері жұмыс істейді. Мұғалім сабақтан тыс уақытта ауыл балаларына тоғызқұмалақ ойынын үйретіп, жас туристерге арналған «Саяхат» үйірмесі мен футбол секциясын жүргізеді. Мәселен, шәкірттері шаңғы спортынан екі жыл қатарынан аудандық жарыста топ жарса, футбол жарыстарында аудан көлемінде жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Осылайша спортты серік етіп, республикалық жарыста жеңіс тұғырынан көрінген жерлесімізге шығармашылық табыс тілейміз.

Диас АЙБАР

Жарсуат ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT