Жылқыны джипиэспен бағады

Атырау облыстық мәслихатының жұмыс жоспарына сай облыстық мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинуллин бастаған бір топ депутат ауданымызда болды.

Ондағы мақсат – «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының Атырау облысында орындалуы туралы» мәселеге назар салу болатын.  

Депутаттарды аудан әкімі Серік Арыстан қарсы алып, алдымен «Асыл-Агро» шаруа қожалығының егіс алқабымен танысты. Шаруашылық биыл 40 га. жерге тамшылата суару әдісін, қалған 40 га. дәстүрлі суармалы ретінде жүзеге асырмақ. «Коралева Анна» атты картоптың неміс тұқымын Ресейден алыпты. Бұл біздің табиғатқа қолайлы болса керек. Осы жұмыстарға жауапты Қайрат Құлбасовтың айтуынша, егіннен қолайлы өнім алу үшін Ресейден арнайы агроном жалдапты. Жұмыс қолы жеткілікті. Лизингке алған техникалары бар шаруаны атқарып тұр. Судың да мәселесі шешілген. Жақында Астрахань облысында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің шаруашылық үшін көп пайдасы болыпты. Тіпті, өткен жылы қарбызы облыста бірінші пісіп, олжалы болып, оған аудандағы кәрістер де таңқалыпты. Осының өзі егістікке өзіміздің әбден ден қоя бастағанымызды білдірсе керек. Облыстық мәслихат хатшысы Ө.Зинуллин шаруашылықтарды аралаудағы негізгі мақсатпен таныстырып, жалпы жасалып жатқан жұмыстар, қандай мәселе барын сұрады.

Сонымен қатар «Батухан» шаруа қожалығында болып, жылыжайда өсіп жатқан өніммен танысты. Қожалық өткен жылы осы мақсатқа 3 млн. несие алып, сол көздеген кәсібін жүргізіп жатыр. Қазір қияры пісіп, онысын саудаға шығаруда. Депутаттар жұмыс барысымен танысып, қиярдың дәмін татып, шаруагердің жұмысына ризашылықтарын білдірді.

Түстен кейін облыстық топ Есболдағы «Слава» шаруа қожалығында болды. Жалпы қожалықта басқа да бақша өнімдерімен қатар, пияз бен сәбіздің түрлері көптеп егілген. Төрт жылдан бері осы салада қызмет етіп келетін қожалық иесі Владислав Ким еккен өнімдерінің алды маусымда, ал «Термос» деп аталатын қияр мамыр айының соңында алғашқы өнімдерін беретіндігін жеткізді. Жалпы егін алқабында бәрі сақадай сай. Айталық, техникада да, су қоры да бәрі қажетінше жарамды. Ал жергілікті билік суы мен минералды тыңайтқыштарына көмек көрсетіп отыр. Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев округ әкімдерінің балансына берілген «Белорусь» тракторын егіншілер қажетінше жер тырналау секілді жұмыстарына пайдаланып отырғанын сөз етті.  

Егіс алқаптарымен танысқан топ, Көктоғай ауылдық округтеріне қарасты көшім тұқымдас жылқы өсіретін «Құлыншақ» және «Алға-1» шаруа қожалығының шұбат-қымыз өндіру цехының жұмысымен танысты. Бұнда 57-60 түйеден күніне 450-470 л. шұбат, ал 18 жылқыдан 100-120 л. қымыз алынады. Ал ол өнімдермен облыстық және Махамбет, Құрманғазы аудандық туберкулезге қарсы диспансеріне және 10 лагерь мен 3 балабақшаларды қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауыты күніне 70-80 литр шұбат алады екен. Шаруа қожалық иесі Ақеділ Шал-қаров қазіргі таңда өнімнің аз екендігін, бұл бағытта, яғни мал басын көбейту жұмыстары жүргізілуде екендігін айтты.

-Жалпы қожалыққа күніне 15 тн.-ға жуық таза су керек,-дейді шаруагер. Бұл мәселеге қандай жағдай кедергі келтіріп тұрғанын аудан әкімінің орынбасары Қайрат Есқабылұлы келген топ өкілдеріне түсіндірді. Ал өз сөзінде облыстық мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинуллин өнімдері анау республикаға танымал бұл шаруашылықтың мәселесі аяқсыз қалмай, қаралып, шешімі табылу керектігін айтты.      

«Құлыншақ» шаруа қожалығының басшысының орынбасары Ақылбек Нәбішев жылқы басын 2020 жылға дейін 5000-ға жеткізуді жоспарлауда. Сондай-ақ шаруашылықта бейнекамера орнатылған. Себебі, ол малдардың қай бағытта жүргенін біле алады. Тіпті, сақа жылқылардың мойнында джипиэс бар. Оны тек үлкендеріне тағылады.

Сондай-ақ, шаруа қожалық түйежоңышқа құнарлы шөбін өсіру үшін Ресей мемлекетінен жаңбырлатып суару құрылғысын алып пайдалану үстінде. Бұл бағытта Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Болат Мұхамбетов айналысып жатыр. Телефон арқылы тілдескенімізде:-Түйежоңышқаны 15 га. жерге ектік. Оның 5 га. жеріне – екінші, ал 10 га. жеріне – бірінші жыл егіліп отыр. Жалпы түйежоңышқаның 1 шапқаны, жоңышқаның 2-3 шапқанына тең,-дейді түйежоңышқа өсіруші әңгімесінде.          

Міне, ауданның ауыл шаруашылығымен толығымен танысқан топ, Көктоғай ауылдық округінің кеңсесінде кездесіп, жиынды қорытындылады. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Қайрат Есқабылұлы ауыл шаруашылығы саласы жайында қысқаша ақпарат берді. Баяндамадан білгеніміздей 30 шаруа қожалық асыл тұқымды мүйізді ірі қараның аталық малдарын сатып алып тұқымдық түр өндірумен айналысса, 5 шаруашылық қой малын асылдандырумен айналысып жатыр. Сондай-ақ осындай бағытта осыдан 3 жыл бұрын 18 шаруашылық болса, қазір ол 35-ке жетті. Сонымен бірге ауданда 5 кооператив болса, оның 3-еуі жұмыс жасап жатыр.

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинуллин агрокешенді дамыту Елбасының басты тапсырмаларының бірі екендігін, осыған орай бұл бағыттағы жұмыстарды көзбен көріп, қандай қиындықтар барын білу негізгі міндет екендігін, дегенмен, оңды істердің барына көңіл тоқтығын айтып, алдағы сессияда осы мәселе қаралатынын қаперге берді.

Жиында аудандық мәслихат депутаты С.Байбосынов және өзгелері сұрақтарын қойып, пікір алмасты. 

Жиынды Қ.Нұрлыбаев қорытындылап, аудан тынысымен танысуға келген халық қалаулыларына ризашылығын білдірді.

 

Өз тілшіміз.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT