Жаңа әдеп кодексі – мінсіз қызмет кепілі

Аудан әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері азаматтармен, қоғаммен өзара қарым-қатынаста мемлекеттік қызметшінің моральдық ұстанымдары мен құндылықтарына жоғары мән береді. Өйткені, дәл осы моральдық ұстанымдардың болмауы түбінде жағымсыз құбылыстарға, құқық бұзушылықтарға, жемқорлыққа алып келеді. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін азайтып, беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан, олар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін басшылыққа алуға міндетті. Кодекске сәйкес, олар жоғары кәсіби, адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауға тиіс.  
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында және кейіннен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде мемлекеттік аппараттың жұмысы сервистік және одан әрі клиентке бағдарланған болуы үшін «жаңа тәсілдерді» енгізуді және мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртуды талап ететінін атап өтті.
Олар қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттыру және халықпен кері байланысты жақсарту үшін жұмыс істеу қажет. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Әдеп кодексінің қызметтік әдеп нормаларын дұрыс түсіну мен қолдануда маңызы зор. 
Егер бұрынғы редакциядағы Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптарды да, олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттарын да біріктірсе, жаңа редакцияда этикалық талаптар мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасына жатпайтын өзге де ережелерден бөлек қарастырылады.
Өзгерістердің Кодекстің құрылымына да қатысты болғанын айта кету керек. Мәселен, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» атты жаңа тарау пайда болды, соған сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделіп отыр. Олар – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретіндегі халықтың сұранысына бағдарлана отырып, жұртшылықпен жұмыс істеуге әзірлік танытуы және өз іс-әрекеттерінің ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілерге адамгершілік бағыт-бағдар беруге арналған. Оның мақсаты мемлекеттік қызметшінің өз жұмысының маңыздылығына сенімділігін арттыру және кодексте көрсетілген барлық қағидаларды сақтай отырып, мемлекеттік қызметтің жарқын үлгісі болғанына мақтаныш сезімін қалыптастыру болып табылады. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, мемлекеттік аппараттағы кәсіби қызметпен айналысуға құқық беретін анттың бір түрі. Осылай ант беру арқылы мемлекеттік қызметшілер кодекс талаптарын бұзу қоғам мен мемлекет тарапынан сын тудыратынын түсінеді. Сәйкесінше, Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтау мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың азаюына ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметтегі жағымсыз құбылыстармен тек жазалау шараларын қолдана отырып күресудің тиімділігі шамалы, өйткені ең алдымен бұл құбылыстардың түпкі себептерін жою қажет. Бұл жағдай да Әдеп кодексінің маңыздылығын көрсетіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, егер белгілі бір уәкілеттілікті теріс пайдаланудың, тәртіптік теріс қылықтардың, сыбайлас жемқорлықтың белгілі бір алғышарттары сақталатын болса, онда жағымсыз құбылыс жойылмайды. Сондықтан, уақтылы алдын алу шаралары, оның ішінде Әдеп кодексінің нормаларын түсіндіру аудандағы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Сөйтіп, кәсіби әдеп пен іскерлік әдеп саласында қажетті білім деңгейін, оларды кәсіби қызметте пайдалану дағдыларын қамтамасыз етеді.

Айболат Сансызбаев,
аудан әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT