ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау өңіріне іссапары барысында жол мәселесіне баса назар аударып, облыстағы жолдардың сапасыздығы мен жол құрылыс жолдарының баяу жүргізілетіндігі туралы сын айтып, бұл саладағы жұмыстарды тиісті мерзімде және сапалы аяқтауды тапсырған болатын.
Осыны басшылыққа ала отырып, жуырда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес кезекті отырысын өткізді. Онда прокуратура органдарынан келіп түскен ұсыныс негізінде Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына қатысты тәртіптік іс қаралды.
Аталған басқарма басшысы мемлекеттік сатып алу шарты мерзімінің өтіп кеткеніне, құрылыс жұмыстары аяқталмай, жұмыстардың кешіктірілгеніне қарамастан тұрақсыздық айыппұлын өндірмеген, мердігер мекемені жосықсыз қатысушы ретінде тануға сотқа талап арыз бермеген, мердігер мекеменің жасалмаған жұмыстарына бюджет қаражатын аударған.
Соған байланысты оған жоғарыда аталған заң бұзушылықтар арқылы мемлекеттік қызметке кір келтіру фактісіне жол бергені үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі кеңеспен, заңдылық қағидатын басшылыққа алмай, Әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны үшін Атырау облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысына «ЕСКЕРТУ» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс енгізілді.
Аталған лауазымды тұлғамен бірқатар негізсіз тексерулер тағайындалып, электрондық цифрлық қолтаңбаны сақтаудағы қажетті шаралар қолданбай және құқық қорғау органының заңдылық бұзушылығын жою туралы ұсынуы тиісті түрде қаралмағаны анықталды.
Кезекті кеңесте тәртіптік істерден бөлек, тиісті заңнама бұзушылықтарының алдын-алу, болдырмау және оларды жою мақсатындағы профилактикалық мәселелер де қаралды.
Атап айтқанда, медициналық және формацевтикалық бақылау департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілінің қызметтік әдептің сақталуын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асыру кезіндегі қызметі, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бағытындағы жұмысы баяндалса, мемлекеттік кірістер департаментінің тәртіптік комиссиясының есебі қоса тыңдалды.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша мемлекеттік орган басшыларына тиісті ұсынымдар енгізілді.
Өз тілшіміз