Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет» деген еді өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
Өз сөзінде ел Президенті өнеркәсіп саласындағы көптеген түйіткілді мәселелерді жік-жікке бөлді. Соның ішінде «өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды» деп баса айтты. Бұл мәселе дер кезінде қозғалды деп есептеймін. Неге?
Өйткені, өзге мемлекеттерге тәуелді болған сайын, өндірісіміздің өрге баспайтыны белгілі. Айталық, өзім көп жыл маңдай терімді сарп еткен ауданның мұнай-газ саласын одан әрі дамыту үшін де Президент маңызды міндеттер жүктеді. Неге десеңіз, жалпы ішкі өнімнің көп бөлігін осындай ірі салалар толықтырады. Егер, өзгеге күнімізді қаратпай, өз шикізатымызды өзіміз өңдей алатындай дәрежеге жетсек, табысымыздың еселеніп арта түсері сөзсіз. Одан бөлек ел экономикасына соны бетбұрыс жасаймыз. Жарқын болашақта қазірден де зор жеңісті жетістікке жету үшін билік пен бұқара болып Мемлекет басшысының Жолдауындағы игі бастамаларын бір адамдай қолдап, өндіріс саласында өзгерістер жасай алсақ, өскелең ұрпағымыз бізден де жақсы өмір сүрері сөзсіз.
Амандық Сасаев,
ардагер мұнайшы