Қазақстанның банк нарығы: шағын банктерге арналған жаңа лицензиялау жүйесі енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда банктерді лицензиялаудың екі деңгейлі жүйесі енгізілді. Бұл жаңалық шағын банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін икемді және бәсекеге қабілетті орта құруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі Төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаевтың мақаласында айтылды.

Жаңа жүйе қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және аумақтық әрі цифрлық алшақтықтарды қысқартуға бағытталған. 

    — Банк нарығына қол жеткізу моделін жаңартпай цифрландыру мүмкін емес. Жаңа заңның негізгі жаңалықтарының бірі банктерді лицензиялаудың екі деңгейлі жүйесін енгізу болды: базалық және әмбебап лицензиялар. Бұл модель тек ірі банктер ғана емес, сонымен қатар жаңа қатысушылар, соның ішінде шағын өңірлік банктер мен микроқаржы ұйымдары дами алатын барынша икемді және бәсекеге қабілетті ортаны құруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе қаржылық қызметтердің қолжетімділігін ынталандыру, кәсіпкерлікті дамыту және банктік қызмет көрсетуде аумақтық және цифрлық алшақтықтарды қысқарту үшін аса маңызды, — делінген мақалада.

Базалық лицензия шектеулі операциялар тізбесіне бағдарланған шағын банктерге арналған. Мұндай ұйымдар үшін ең төменгі капитал бойынша оңайлатылған талаптар және қызмет түрлеріне шектеу көзделген. Атап айтқанда, үлестес тұлғалар мен бейрезиденттерге кредит беруге тыйым салынады, тәуекелді инвестициялар мен ірі мәмілелер көлемі шектеледі, жеке тұлғалардың депозиттерін тартуға лимит белгіленеді. Бұл шектеулер қатысушыларға артық реттеуші жүктемені артпай, ықтимал тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Бұл ретте базалық лицензияның болуы мұндай банктерді қадағалау талаптарынан босатпайды. Олар тұрақты тексерулерден өтеді, соның ішінде SREP — Supervisory Review and Evaluation Process қадағалау моделі бойынша орнықтылықты бағалау рәсімінен өтеді. Бұл тәуекелдерді, корпоративтік басқаруды, капиталдың жеткіліктілігін және басқа көрсеткіштерді қамтитын банктің орнықтылығын бағалаудың кешенді әдістемесі. Осылайша, жаңа қатысушылардың сенімділігі мен адалдығы әмбебап банктермен қатар, бірақ олардың қызметінің ауқымын ескере отырып қамтамасыз етіледі.

Әмбебап лицензия жұмыс істеп тұрған ірі банктер үшін сақталады және классикалық кредит беруденн бастап инвестициялық қызмет көрсетуге дейінгі операциялардың барлық аясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл бір жағынан, бәсекелестікті арттыруға және жаңа ойыншыларды тартуға, екінші жағынан, жүйенің тұрақтылығын сақтауға және операциялардың сипаты мен көлеміне байланысты талаптарды саралауға мүмкіндік береді.

Шағын, бірақ тұрақты банктердің пайда болуына жағдай жасау қаржылық инклюзияны арттыру, жаңа бизнес-модельдердің, соның ішінде цифрлық модельдердің пайда болуы және бәсекелестік ортаның жалпы қалпына келуі үшін маңызды қадам болып табылады. Болашақта бұл клиенттерге — жеке тұлғаларға, сол сияқты шағын және орта бизнеске банктік өнімдерді кеңінен таңдауға, оның ішінде инновациялық технологияларды пайдалана отырып алуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, елде кепілсіз тұтынушылық қарыз беруге шектеу енгізіледі.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT