Алдымызда үлкен жауапкершілік тұр

Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Осыған орай, аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Сапаров Бағдат Шамұратұлымен сұхбаттасып, дайындық жайын білген едік.

– Бағдат Шамұратұлы, ауданда қанша референдум учаскесі бар және олардың жұмысы қаншалықты жүйелендірілген?

– Аудандық аумақтық референдум комиссиялары тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністердің аумағында референдум туралы заңның орындалуына бақылауды жүзеге асырады, учаскелiк комиссиялардың қызметiн ұйымдастырып, оларды материалдық-техникалық қамтамасыз етудiң жай-күйiн бақылайды, арыздар мен шағымдарды қарайды. Референдум Қазақстан Республикасының Конституциясына және Жарлыққа қайшы келмейтін бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, орталық референдум комиссиясының нормативтік сипаты бар актілеріне сәйкес өткізіледі. 2024 жылғы 6 қазандағы республикалық референдумды өткізу үшін Индер ауданы бойынша 1 аумақтық, 18 учаскелік референдум комиссиялары жұмыс жасауда. Ондағы мүшелердің жалпы саны – 117 адам (аумақтық референдум комиссиясында-7 мүше, учаскелік референдум комиссияларында – 110 мүше). Референдум учаскелерінің 7-уі Индербор кентінде, 11-і ауылдық округтерде (Бөдене а.о. – 1, Жарсуат а.о. – 2, Көктоғай а.о. – 1, Өрлік а.о. – 1, Есбол а.о. – 3, Елтай а.о. – 3) орналасқан. Референдум комиссияларының өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды. Осыған орай, Индер аудандық мәслихатының 2019 жылғы 11 қаңтардағы №249-VI «Индер аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» шешімінің күші жойылып, жаңа құрам туралы 2023 жылдың 26 желтоқсанында аудандық мәслихаттың №62-VІІІ шешімі шығарылып, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Қазіргі уақытта барлық аталған комиссиялар құрамы толық. Бос орындар жоқ. Жалпы сайлау комиссияларының жаңа құрамын қалыптастыру сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі аяқталардан кемі екі ай бұрын басталады және өкілеттік мерзімнің бітуіне үш күн қалғанда аяқталады. Оған Қазақстан Республикасында заңды тіркелген саяси партиялар және қоғамдық бірлестіктер үміткер ұсына алады. Ұсынылған үміткерлер міндетті түрде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасынан тексеріліп, оң нәтижелерін алуы қажет. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына сәйкес комиссиялардың жаңа құрамы бекітілгеннен кейін төраға, төрағаның орынбасары және хатшы жеті күннің ішінде комиссия отырысында сайланады.

– Қазіргі таңда референдум комиссиясы қандай жұмыстар жүргізуде?

– Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі №636 «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы» Жарлығына сәйкес, ҚР Орталық референдум комиссиясының 2024 жылғы 3 қыркүйектегі №38/42 қаулысымен бекітілген «2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткiзу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес аудан бойынша аумақтық, учаскелік референдум комиссияларының құрамдары, референдум учаскелерінің шекаралары, үгіттік баспа материалдарын орналастыру орындары, дауыс беру уақыты мен дауыс беретін учаскелердің орналасқан орындары бұқаралық ақпарат құралдарына және интернет ресурстарына толықтай жарияланды. Күнтізбелік жоспарға сәйкес 2024 жылғы 15 қыркүйек күні ауданымыздағы барлық 18 референдум учаскелері аудан әкімі қол қойған референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін акт бойынша қабылдап алды. Жергілікті атқарушы органнан 15 қыркүйекте алынған соңғы тізім бойынша Индер ауданында республикалық референдумға қатысуға құқығы бар 20284 азамат тіркелген. Қазіргі уақытта барлық референдум комиссиялары алынған тізімді нақтылау жүргізіп, күнтізбелік жоспарға сәйкес аталған референдум комиссиялары 2024 жылғы 20 қыркүйектен бастап тізімдерді танысу үшін референдумға қатысуға құқығы бар азаматтарға ұсынуда. Күні бүгінге дейін аудан тұрғындарын республикалық референдумға қатысу үшін оларды хабарландыру мақсатында аудан бойынша кент, ауылдық округтердегі орталық көшелерге ақпараттық баннерлер ілінді. Аудан орталығы Индербор кентінде орталық көшелерде орналасқан ЛЭД экрандардан республикалық референдум жөніндегі бейнероликтер көрсетілуде. Аудандағы кент, ауылдық округтердегі тұрғындар чаттарына да хабарландырулар, инфографикалық ақпараттар, бейнероликтер таратылуда. Сонымен қатар, республикалық референдумға қатысты кеңінен ақпарат беру үшін А4 форматындағы инфографикалық ақпараттар референдум учаскелері, халық көп шоғырланатын сауда орындары, пошта бөлімшелері, аурухана ғимараттарына ілінуде. Қазіргі уақытта учаскелік референдум комиссиялары референдумға қатысуға құқығы бар азаматтарды референдумға дауыс беруге шақыруларды толтыруда. Шақырулар толтырылып аяқталғаннан кейін күнтізбелік жоспардағы мерзімнен кешіктірілмей таратылатын болады. Республикалық референдум туралы Заңның 26 бабында көрсетілгендей, дауыс беру уақыты мен орны туралы учаскелік референдум комиссиялары азаматтарға дауыс беретін күннен кемінде он күн бұрын хабарлайды. Ауруханада ем алып жатқан науқастар туралы аурухана дәрігері, референдум учаскесіне өздігінен келе алмайтын жеке тұрғын референдум учаскесіне дауыс беретін күнгі түскі сағат 12.00-ге дейін хабарлап, нақты адам санын көрсетіп, өтініш беруі қажет. Сол өтініш шеңберінде референдум учаскесінің өкілдері арнайы жәшік пен дауыс беру бюллетеньдерін апарған соң, тұрғын өз дауысын бере алады. Референдум өткізуге қатысты комиссия мүшелерінің құқықтық біліктіліктерін арттыру мақсатында 2024 жылғы 11 қыркүйек күні аудан орталығы Индербор кентінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы филиалы және Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен «Республикалық референдум: құқықтық негіздері, референдум комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында аудандық семинар өткізілді. Осы семинарда алған құқықтық білімдерін шыңдау мақсатында 2024 жылғы 13 қыркүйек күні аудандық аумақтық референдум комиссиясының 7 мүшесі, ҚР-ның Орталық референдум комиссиясының тестілеу процедурасын сәтті тапсырып, өз сертификаттарын алды. Ал, 17-18 қыркүйек күндері аралығында ауданымыздағы 18 референдум учаскелерінің төрағалары, төраға орынбасарлары және хатшылары ҚР-ның Орталық референдум комиссиясының тестілеу процедурасын сәтті тапсырып, өз сертификаттарын алды. Ендігі кезекте 24 қыркүйек пен 2 қазан күндері аралығында учаскелік референдум комиссияларының қалған мүшелері тестілеуден өтетін болады.

– Референдум учаскелерінің техникалық жарақтандырылуы қандай деңгейде?

– Аудан бойынша республикалық референдумға қатысты дайындық жұмыстары ҚР Референдум туралы заңының 8-бабына, Индер ауданы әкімдігінің «Индер ауданында республикалық референдумды ұйымдастыру бойынша іс-шаралар» және Индер аудандық аумақтық референдум комиссиясының «Республикалық референдумды өткізу бойынша іс-шаралары жоспары» негізінде күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ауданымыздағы 18 референдум учаскесінің 10 учаске ғимараты мәдениет үйлерінде, 5 учаске ғимараты білім беру мекемелерінде, 2 учаске ғимараты спорт кешенінде, 1-уі жеке ғимаратта орналасқан. Барлығы да референдум өткізуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Әр референдум учаскесінің жай-күйі, қажетті құралдар туралы біз өз тарапымыздан облыстық аумақтық референдум комиссиясына ақпарат беріп, қажетті жабдықтарға сұраныс береміз. Саяси науқан кезінде референдум учаскелерінің жұмыстарын тиісті талап деңгейінде ұйымдастыру үшін барлығына компьютер, байланыс құралдары алынып, интернет желісіне қосылуда. Әрбір референдум учаскесінде екі кабина және мүгедектігі бар азаматтар үшін бір кабина жасақталады. Барлық санитарлық талаптар қатаң сақталуы шарт. Учаскелік референдум комиссиялары дауыс беру басталғанға дейін бір сағат бұрын, яғни сағат 06:00-де дауыс беруге арналған учаскелерді ашады және комиссия төрағасы дауыс беру басталардан отыз минут бұрын комиссия мүшелерінің қатысуымен сайлау жәшіктерінде референдум бюллетеньдерінің бар екенін немесе жоқ екенін, жәшіктердің бүтіндігін тексеріп, дауыс беруге арналған жәшіктерге пломба салады немесе мөр басады. Еліміз тәуелсіздік алғалы төртінші рет республикалық референдум өткізілейін деп отыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабында Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа толған азаматтары тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне және кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына ие. Тек сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған және сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқы жоқ. Сондықтан кәмелет жасқа толған еліміздің әрбір азаматы ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдап, өз дауысын бере алады. Демек, әрқайсымыздың алдымызда ел үшін үлкен жауапкершілік тұр.

– Рахмет!

 

Сұхбаттасқан Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT