Республика аумағында 2018 жылдың 23-29 сәуір аралығында «иммундау аптасы» өткізіледі.
Осыған байланысты біз ауданның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Шолпан Абайқызына жолығып, қоғам үшін маңызды сауалдарымызды қойған болатынбыз.
-Шолпан Абайқызы, аталған апталық ауданда қалай өткізіледі?
- Аудан халқына жұқпалы аурулардың алдын алуда вакцинацияның орасан зор көмегі бар екендігін хабарландыру жұмыстарының санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шара жоспары жасақталып орындалуда, яғни құрамында ҚДС Басқарма маманы, дәрігерлер, ішкі саясат бөлім маманы, орталық мешіт имамдарынан құралған комиссия екпеден бас тартқан отбасыларымен түсініктеме жұмыстарын жүргізуде.
Иммундау апталығында әр түрлі себептермен егу алмағандар болса, жергілікті амбулаторияларда ұлттық күнтізбеге сәйкес егілулерін қамтимыз. Егу бригадалары ата-аналарға сауалнама жүргізіп, екпеден бас тартқан және халықтың қолжетімді қиын топтарын анықтап вакцинациямен қамтамасыз етуге түсінік жұмыстарын жүргізуде. Мал-ет өнімдерін сатумен айналысатын кәсіпкерлер түйнемеге қарсы міндетті түрде егілуі қажеттілігін халық арасында насихаттаудамыз.
- Екпе қандай аурудың алдын алады?
- Жұқпалы дерттің таралуына жол бермеу – мемлекет қауіпсіздігі. Сондықтан оның ел аумағында таралуына жол бермеу мақсатында жүргізіліп жатқан апталықта 21 жұқпалы ауруға қарсы екпе жасалады. Олардың 11-ін міндетті түрде алу керек. Вакцинацияның арқасында, елімізде көптеген жұқпалы аурулар артта қалды. Полимиелит (сал ауруы), көкжөтел, эпидпаротит, қырылдауық ауруларының жойылуына қол жеткізілді. Бұдан бөлек, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша да егілетін инфекциялар бар. Олар: құтыру (жануар тістегеннен кейін), оба, кене энцефалиті, іш сүзегі, туляремия, сібір жарасы немесе күйдіргі ауруына қарсы екпелер.
2018 жылғы 10 сәуірде Атырау қаласында алғаш рет «Сау бала – бақытты ана» атты әлеуметтік-медициналық форум өткізілді. Онда иммундаудың өзекті мәселелерін тек медицина қызметкерлерімен ғана емес, сондай-ақ халықпен де талқылауға мүмкіндік берді. Оған біздің ауданнан форумға 4 медицина мамандарымен 1 ата-ана қатысты.
- Вакцинаның пайдасы қандай?
- Вакцинациямен қамтамасыз етілген адамдардың арқасында ұжымдық иммунитет пайда болады, ал ол - індеттің таралмауына және эпидемиялардың болмауына ықпал жасайды. ДДҰ мәліметтері бойынша иммунизация жасаудың көмегімен жыл сайын әлемде 3 миллионнан астам адамдардың өмірі сақталынады. Бала туберкулез бен «В» вирустық гепатитіне қарсылық көрсете алмайтындай әлсіз болып туады. Бұл ерекшеліктер вакцинациялау мерзімдерін анықтауда ескерілген. Сол себепті туберкулезге немесе «В» гепатитіне қарсы екпе бала дүниеге келген соң 24 сағат ішінде салынады. Одан кейін 1 тәуліктен соң туберкулезге қарсы БЦЖ екпесі салынады, ал дифтерияға қарсы 2 немесе 3 айлығында егіледі. Екпе салғаннан кейін ағзада сол ауруға қарсы арнайы антиденелер пайда болады. Сонымен қатар, вакцинация көмегімен біз тек қана сырқаттанушылық пен одан болатын өлім-жітімді төмендетіп қоймай, жұқпалы аурулардың қоздырғышын тасымалдаушылардың саны да азаятынына көзіміз жетіп отыр, ал ол өз кезегінде көп қаржыны қажет ететін емдеу және реабилитацияға шығынданудан сақтайды, ең бастысы, антибиотиктерді пайдалануға шек қояды. Себебі, соңғы кезде антибиотиктерді бақылаусыз және кең түрде пайдалану көптеген микроорганизмдердің препараттарға деген төзімділігін туғызған.
- Кейбір ата-аналар баласына екпе салдырудан бас тартып жатады. Бірі екпенің сапасына күмәнмен қараса, екіншісі «вакцина бала денсаулығына кесірін тигізеді» дейді.
- Бұлары жөн деуге келмейді. Өйткені, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакциналарды ғана сатып алады. Сатып алынатын вакциналар Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтеді. Мемлекеттік тіркеу кезінде вакцинаға көп кезеңдік зертханалық тексеру жүргізіледі. Шетелден сатып алынған вакциналардың әрбір партиясы Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығында арнайы тексеріледі. Вакцинаның қауіпсіздігі расталған кезде ғана республиканың медицина ұйымдарына таратылады. Ал вакцинамен жұмыс істейтін мамандар (дәрігерлер, медбикелер) екпені егу, қолдану мәселелері бойынша арнайы дайындықтан өткізіледі.
-Дегенмен, екпеден кейін асқынулар орын алуы мүмкін бе?
- Мүмкін. Екпе салғаннан кейін ағзада сол ауруға қарсы арнайы антиденелер пайда болады. Қорғану антиденелерінің нәтижесінен баланың дене қызуы көтеріліп, екпе салған жері қызаруы мүмкін. Бұл тек алғашқы күндері ғана кездесетін әсер. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Қалай десек те бастысы, екпе баланы сол аурудан қорғайды. Тіпті, екпеден соң ауырып қалған жағдайда да, жұқпалы аурудың жеңіл түрде өтуіне септігін тигізеді.
- Ауданымызда екпеден бас тартқандар, оның ішінде «діни көзқарасқа» байланысты қарсы болатындар бар ма?
- Өкінішке орай, бар. Аудан бойынша күні бүгінге 31 бала діни себептер бойынша вакцинациялаудан бас тартса, 11 баланың ата-анасы бұқаралық ақпарат құралдарындағы негативті мәліметтер салдарынан екпеден бас тартып отыр. Халықпен кездесулерде діни басқармаларының өкілдері және аудандық мешіт имамы халықты вакцинациядан бас тартпауға шақырып, түсіндіруде. Себебі, денсаулықты медициналық жолмен қорғау діни көзқарасқа қарсы емес. Сонымен қатар, діни сенімді алға тартып, кереғар пікірді қолдан жасап, өз денсаулығыңызды қорғаудан бас тартқаннан ешкімге пайда жоқ екендігін түсіну қажеттігін баса айтқым келеді.
- Ендеше, екпеден бас тартудың соңы неге әкеп соғады?
- Ұлттық күнтізбеге енгізілген инфекциялар – полиомиелит, туберкулез, дифтерия, көкжөтел, сіреспе, қызылша, қызамық, паротит, В гепатиті, пневмококк, гемофильді инфекциялармен ауырған кезде екпе алмаған балалардың ауру клиникасы өте ауыр өтуі және дифтериямен науқастанғаннан кейінгі өлім-жітім 30 пайызға, жүректің зақымдануы 60 пайызға жететіндігі, сіреспемен науқастанғандардың 25-70 пайызы қайтыс болатындығы, Полиомиелитпен ауырған адамдардың 100 пайызы да өмір бойына сал болып қалатындығы статистикалық мәліметтерде келтірілген.
Профилактикалық егулерден бас тарта отырып, ата-аналар баласының инфекциялардан және оның салдарынан өзін қорғау құқығынан айыратынын есте сақтау қажет.
Яғни, екпе-әрбір адамның өмірі үшін өте қажетті. Өзіңізді қорғай отырып, бүкіл қоғамды қорғайтыныңыз жадыңызда болсын.
- Сұхбатыңызға рахмет.
А.ТАПАН.