Ауыл спортында арман көп...

 «Дені сау ұлт – бәсекеге қабілетті, ұлт болашағы, мемлекет тірегі. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі»,-деген болатын Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.

Елбасы айтқандай, Қазақ елінің тәуелсіздігі нығайған сайын спортты дамытуға да барлық жағдай жасалып жатқаны белгілі. Ауданымызда да түрлі  спорт нысандары  салынып, үйірмелердің қатары көбейіп, бұқаралық спорт сайыстары да жиі ұйымдастырылып жатқанына куәміз.

Спортшылар мерекесіне орай біз бүгінгі аудан спорты мен денешынықтыруының дамуы және  өзекті мәселелеріне назар аударғанбыз.

Қазақ күресі кенжелеп тұр

Аудан көлемінде де тұрғындардың саламатты өмір салтына ден қоюына, денешынықтыру мен спортпен айналысуына мүмкіндігінше бар жағдай жасалып жатқаны көңіл қуантады. Ауданда денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілуі бұл бағытта серпін болғаны да сөзсіз. Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Бисенбаев айтып өткендей, спорт кешенімен қатар  ауданда мектеп жанындағы 14 спортзал, 1 атқыштар тирі, 16 ашық спорт және 9 футбол алаңы, 13 жасанды жабынды футбол алаңдары көпшілікке қызмет етуде.

-Былтырдан бері спорттың бұқаралығын арттыруға кенттің Барлаушы, орталықтағы көпқатарлы үйлері басым Д.Қонаев пен Махамбет көшелерінде, Көктоғай, Өрлік, Елтай ауылдарында спорт алаңдары пайдалануға берілді.  Көктоғай мен Жарсуат округтерінде салынатын денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құжаттандыру  жұмыстары аяқталып, биыл сәтін салса құрылысы басталмақ, - дейді салалық бөлімнің басшысы Н.Бисенбаев. 

Ауылдық жерлерде жастардың спортпен айналысуы үшін мектептердің спорт залдары кешкілік уақытта бөлінуде.  Жас ұрпақтың спортты серік етуіне балалар спорт мектебінің маңызы зор. Мәлік Биғамбаев басшылық жасайтын аталмыш мектепте  бүгінде  еркін күрес (бапкерлері С.Қыраубаев, Е.Төреханов), дзюдо (Н.Нұрашев, Ә.Құтқожин, А.Ерғалиева),  футбол (Д.Әжіғалиев), бокс (М.Тұрғалиев, А.Шынтемірұлы), самбо (А.Шайханов) бөлімдері жұмыс істейді. Сонымен қатар аталмыш мектептің  ауылдық округтерде филиалдары да ауыл балаларын спортқа тартуда.  Мысалы, Өрлікте Ш.Жұмажановтың бапкерлігімен  дзюдо, Аққалада тоғызқұмалық (А.Мұратов), Елтайда еркін күрес (Қ.Мыңбаев), волейбол (Б.Тастанов), Аққалада (Н.Кәукенов), Есбол (Ж.Қуанғалиев), Бөдене (А.Аманов), Жарсуатта еркін күрес (Д.Ізмұханов), футбол (С.Азанов), Көктоғайда волейбол (Н.Өтепқалиев) сынды бөлімдері бар. Жалпы білім беру ұйымдарында 71 спорт секциялары жұмыс жасайды.

Білім беру мекемелері бойынша барлығы 1200 оқушы әр бағыттағы үйірмелерге тартылған.

-Биылғы оқу жылынан бастап  аудандағы екінші ірі елді мекен – Есбол ауылынан бокс бөлімін ашуды жоспарлап отырмыз. Олардың арасынан ертең-ақ чемпиондар шығып жатса ауыл-аймақтың мәртебесі, ал бастысы  – жас ұрпақтың шымыр да намысты, өз елінің патриоты болып  өсуіне спорттың үлкен әсері болары сөзсіз. Сондай-ақ ауылдық округтерде спорттың басқа да бөлімдерін ашуға болар еді. Бірақ ауылдық жерде арнайы орындардың болмауы қолбайлау болуда,-дейді аудандық балалар спорт мектебінің директоры М.Биғамбаев.

Айта кетейік, аталмыш мектеп директоры  Мәлік Қабдырашұлы биыл Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің «Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған болатын.

«Спорт мектебінде олимпиадалық спорт түріне енбейтін самбо спорты жұмыс жасағанда  ұлттық спорт -  қазақ күресі неге ашылмайды. Өйткені бұл спорттың дамуына елімізде айрықша қолдауға ие емес пе?" деген сауалымызға, директор бұл бағытта  облыстан штат сұратылып отырғанын қаперге берді. 

Чемпиондар шыға бастады

Спорт түрлерінің ішінен ауданда еркін күрес, дзюдо спорт түрлері әуелден жақсы дамып, іргесі мықты  қалыптасқаны белгілі. Әрине, бұл атақты бапкер Сәттіғұл Әзербаев пен Асқар Бәкеновтің қажырлы еңбектері екені көпке мәлім. Айтып өткеніміздей,  еркін күрес спорты аудан орталығымен қатар Бөдене, Жарсуат, Елтай, Аққала, Есбол, Көктоғайда филиалдары жұмыс жасауда. Бұл дегеніңіз – еркін күрестен боз кілемдегі аудандық жарыстардың өзі жоғары деңгейде өтіп, бәсекелестік туғызады деген сөз. Нәтижесінде аудан командасы соңғы жылдары облыстың алдын ешкімге бермей отырғанын аудандық еркін күрес бөлімінің аға бапкері Салауат Қыраубаев нақты мысалдармен келтірген болатын.

Палуандар түрлі деңгейдегі жарыстардың жүлделерін айтпағанда алды  Қазақстан чемпиондығынан да асып әлемдік деңгейден де көріне бастауы – ауданымыз үшін үлкен мәртебе. Атап айтқанда  күні кеше шағын ғана Аққала ауылынан шыққан  Сырбаз Талғат Үндістан елінің Нью-Дели қаласында жастар арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан намысын лайықты қорғап,  күміс жүлдені жеңіп алды.

-Бұған дейін ауданда мұндай жоғары дәрежелі көрсеткішке ешкім жеткен емес. Әрине, бұл шәкірттің бақпен бірге баптың, ал бастысы аудан спортын қолдаудың нәтижесі, - дейді аталмыш мектеп директоры М.Биғамбаев.

Еркін күрес өнерінің өрені Нұрберген Шарипов аралас жекпе-жектен бақ сынап,  Қазақтан чемпионы атанып үлгерсе, бүгінде Ресей, Қытай, Жапония елдерінде өткен халықаралық дәрежедегі сайыстарда табысты өнерімен көрінуде.  

Дзюдо спортының шеберлері арасынан Саида Қапсалықова мен Фархат Серіков Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері. Басқа да спорт түрлерінің арасында облыс құрама командасы сапында табысты өнер көрсетіп жатқан жерлестеріміз бар.

Иә, бір кездері ауданда  баскетбол спорты тоқырап қалғандай еді. Бүгінде  баскетбол лигасы кең қанат жайып келеді.

-Индерде  «Атырау барыстары» кәсіпқой баскетбол клубының филиалы ашылғаннан бері балғын баскетболшыларымызға бар жағдай жасалып, тұрақты жарыстар ұйымдастырылып, шеберліктері шыңдалуда,-дейді  мектеп лигасының аудандағы кординаторы Сабит Меңдігереев.

Бүгінде волейболшы шәкірттерінің алды «Атырау барыстары» дайындық тобында өнер көрсетіп, республикада жүлдегерлер қатарынан көрінуде. «Атырау» футбол командасының дайындық тобында ойнайтын футболшылардың да осындай жетістіктері бар.

Сонымен қатар ауданда жастар арасында «Индер жекпе-жек» (Р.Арыстанов) және Жасұлан Бисенов жетекшілік ететін мүгедектер спорт клубының жұмысы жанданып келеді.

жанкүйерлерге жағдай жоқ

Жанкүйерлерге  жарысты алаңсыз тамашалуына жағдай туғызылуы өте маңызды. Мысалы, аудандық спорт кешенінде атшаптырым спортзал болғанымен жанкүйерлердің алаңсыз отырып тамашалауына орын қаралмаған. Әрі типтік жобадағы стадионның болмауы да миллиондардың ойыны футболға және спорт падишасы атанған жеңіл атлетика секілді басқа да спорт түрлеріне көрермен тарту өзекті болып қала бермек.

Ауданда  футболдан  арнайы үйірме жұмыс жасап, азды-көпті жетістіктерін ауыз толтырып айтқанмен стадионның болмауы жас футболшыларға өз қиындығын туғызып отырғанын спорт мамандары да айтып отыр.

Аудан орталығында орнатылған футбол алаңшаларының бәрі шағын футболға арналған. Спорт кешеніндегі  алаң да сондай. Шәкірттер үнемі осындай шағын алаңда жаттығатындықтан үлкен стандартты алаңға келгенде ойын тактикасына әсер етіп, білгенінен жаңылып қалып жатады. Оны өзім Атыраудағы облыстық жарыстарда талай көріп жүрмін. Сондықтан да тиісті дәрежедегі футбол алаңы қажет-ақ. Әрине әзірге арнайы стадион салуға мүмкіндік болмаса да бапкер А.Ермұханов ұсынып жүрген Индер ауыл шаруашылық колледжінің футбол алаңынан жасақтауға болар еді, - дейді спорт мектебінің директоры М.Биғамбаев.

Қысқы спорт, қайдасың?

Жылда мемлекеттік қызметшілердің, дәрігерлердің, құқық қорғаушылардың, студенттердің, бюджет саласы қызметкерлерінің салалық спартакиадалары өтуі дәстүрге айналды. Жалпы  биыл ауданда 55 спорттық шара өткізіліп, спортшылар спорттың әр түрінен 35 облыстық және республикалық деңгейдегі спорттық шараларға қатысып келіпті. Дегенмен аудандық орталық емхананың невролог дәрігері Айжан Ермекқалиеваның айтуынша, бүгінде тұрғындар арасында қан қысымы, жүрек талмасы, остеохондроз сынды аурулар көбейген. Мұның басты себебі - бүгінгі қоғамдағы қозғалыстың аздығы. Сондықтан да әр адам тек дәрі-дәрмекке арқа сүйей бермей, алдымен денешынықтыруға мән берсе талай аурудың алдын алар еді, - дейді білікті дәрігер.

«Ауданда спорт алаңдары салынуда, бірақ әлде де арбатқа, парктерге спорт тренажерлері қойылса бұқаралық спорттың дами түсуіне ықпалы тие берер еді» - дейді спорт мектебінің директоры М.Биғамбаев.

Қысқы спорт түрі де бізде кенжелеп қалғаны жасырын емес. Дегенмен  биылғы Пхенчхан Олимпиадасының ашылу құрметіне орай шаңғы спортынан  аудандық жарыс өтті.

-Бүгінде аудан мектептері қысқы спорт түрлерінен шаңғы, коньки сынды құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Қысқы спорт түрлерін дамыта түсу бағытында да жүйелі жұмыстар жоспарда бар, - дейді салалық бөлімнің басшысы Н.Бисенбаев.

Аудан орталығында болашақта салынбақ боп отырған  хауыздың құрылысы  іске асса ауданда су спортының дамуына да үлкен серпін болар еді.

Ал бастысы ортақ мереке – спортшылар күні құтты болсын!

Саламат БАЗАРБАЕВ.

 

Соңғы жаңалықтар

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика