Ұлттың жаны оның киімінде

Қыздар мерекесі қарсаңында тігінші Ғалия Сұлтанова-ның (суретте) салонына жолымыз түскенде ұжымның қауырт жұмысына куә болдық. Қыз-келіншектермен қатар Наурыз мерекесіне берілген тапсырыстарды тұтынушының көңілінен шығатындай етіп заманауи үлгіде дайындауға жұмылуда екен. Салонда қазақы нақышпен тігілген ұлттық киімдердің небір түрі  көздің жауын алады, әрі  бірінен-бірі өтеді.

Кәсібін жаңадан бастаған ұжым қолтаңбасына «Made in Inder» белгісін басып, Индер брендін қалыптастыруға күш салуда.

Тігінші Ғалия Қатимолақызы – Атырау қаласының тумасы. Индерге келін боп түскен соң өзінің икемі бар қолөнермен айналысуды жөн көріпті.

-Алғашында балабақшаның кішкентай балаларына тапсырыспен киім тіге бастадым. Кейін қыз-келіншектердің сәнді үлгідегі киімдеріне тапсырыс алғанымда  жүрексінгенім рас. Бірақ үнемі ізденісте болып, әрбір тұтынушының талғамынан шығуға тырыстым. Әрі-беріден соң тапсырыс тіптен көбейді. Өзім үлгере алмайтын болғандықтан, арнайы орын алып кәсібімді кеңейтуге  бел будым, - деп бастады әңгімесін тігінші Ғалия Қатимолақызы.

Содан «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» арқылы жеңілдікпен 1470  мың теңге несие  алып, қажетті тігін машинасын, құрал-жабдықтарын алады. Алғашында «Жасұлан» базарында, кейін орталықтағы «Әбілмансұр» дүкенінің бір бөлмесін салонға айналдырады. Тапсырыс берушілер Наурыз мерекесін айтпағанда  маусымдағы балалар күніне дейін қамтып тастапты.

- Тапсырыс берушілердің дені мектептер мен балабақшалар ұжымдары және тойларға шығып жүрген өнерпаздар құрайды. Сахнаға, тойға шығып жүрген бишілер, домбырашылар, басқа да өнер ұжымдарынан да тапсырыстар көбейе бастады. Талайы түрлі деңгейдегі фестивальдарда  өз өнерлерімен қатар сахналық әдемі киімімен табысты оралып жатқанын естігенде біз де марқайып қаламыз, - дейді ол.

Салонда сәнін келістірген әп әсем сәукелелердің 35 түрін көрдік, бәрін қаз-қатар орналастырыпты. Әрқайсысының әдемілігі біріне-бірі ұқсаймайды әрі түрлі пішінмен тігілген. Ұлттық киімдермен қатар Түрік, Өзбек, Үнді секілді басқа да халықтардың ұлттық киімдеріне тапсырыс баршылық екен.

Тігінші келіншек ауданның қолөнер көрмелеріне де қатыса бастапты. Мысалы, былтырғы жылдың қорытындысымен облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы     А.Әжіғұлованың қолынан «Экспо-2017» көрмесі аясында өткізілген «Әйелдер болашақ энергиясы үшін» облыстық форумына белсенділік танытқаны үшін дипломмен марапатталыпты.

Кейіпкеріміздің біз көрген шағын цехта 4 қызметкер еңбек етуде екен. Олардың арасында тігінші Ардақ Қоңырованы сөзге тартқанымызда былай деді:

-Жасымнан тігіншілікке бейім болып өстім. Ал біз мұнда ұжыммен бірігіп, кеңесіп жұмыс жасаймыз. Бұл бізге тиімді. Әрбір тұтынушының ризалығын білдіріп  кеткеніне біз де марқайып қаламыз.

Ал Айгерім Абуғалиеваның тігіншілікті бастағанына көп бола қоймапты.  Базарда киім-кешек сатумен айналысып жүргеніне қарамастан өзінің жүрек қалауымен тігіншілікпен  айналысуды жөн көріпті. Сонымен қатар Жанат Успанова мен Айна Сламбекова да бұл кәсіпке кірісіпті.

Кейіпкеріміз  Ғалия Қатимолақызы ісмерлігімен қатар үлгілі келін, әрі көпбалалы абыройлы ана. Ауданға белгілі кәсіпкер Салауат Ізтелеуов пен білікті ұстаз Жамиғаның қолындағы келіні. Жолдасы Жасұланмен  бірге   Әбілмансұр, Әбілахат, Назлы, Зере атты ұл-қыздарын өсіріп келеді.

 

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Суреттер автордікі.

 

Соңғы жаңалықтар

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика