Бүгін аудандық жаңа мәдениет үйінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші, композитор Шәміл Әбілтайдың 70 жылдығына арналған «Күй сардары» атты облыстық күйшілер байқауы өтті.
Негізгі мақсаты –қазақтың күйшілік өнерін дамыту, өнерпаздардың күй орындау шеберлігін шыңдау, күй қағаны Ш.Әбілтаевтың күйлерін жас таланттар мен шебер орындаушылардың арасында насихаттау және іріктеу. Алдымен салтанатты кешті аудан әкімі Серік Арыстан құттықтау сөзі мен ашқан соң, Шәміл ағаға «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағын беріп, иығына шапан жауып, құттықтау хат табыс етті.
Байқауға Индер ауданынан «Индер-Мәдениет» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын директоры Серік Нысанов пен аудандық балалар саз мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Раушан Иманбаева, Атырау қаласынан – «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің мұғалімі Зұлқарнай Қайратов, Құрманғазы ауданынан – С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің дирижері Алмазия Жахина, Махамбет ауданынан – З.Ещанова атындағы өнер мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Альбина Жұмаханова, Исатай ауданынан – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Жанарыс Оспан мен «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің студенті Ақтілек Дәулетова, Жылой ауданынан – Т.Құлтумиев атындағы Құлсары балалар саз мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Наргиз Досықызы қатысып, бақтарын сынады. Сонымен Шәміл аға бастаған әділқазы мүшелерінің шешімімен бас жүлде Серік Нысановқа (200 мың теңге) бұйырды. Ал кезекті орын біріншіні Зұлқарнай Қайратов ( 150 мың теңге), екіншіні Алмазия Жахина ( 100 мың теңге), үшіншіні Жанарыс Оспан, Ақтілек Дәулетова, Раушан Иманбаева (50 мың теңге) еншіледі. Ал байқауға қатысып бағын сынаған Альбина Жұмаханова мен Наргиз Досықызына ынтыландыру мен 30 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
Материалдың толық нұсқасын "Дендер" газетінің 20.09.18 ж. №38(8189) санынан оқи аласыздар.