Бас жүлде Әділетке бұйырды

Күні кеше Алматы қаласында Қазақстанның халық әртісі, ән әлемінің падишасы Шәмші Қалдаяқов әндерін орындаушылардың республикалық байқауы өтті. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Менің Қазақстаным» байқауында «Эстрадалық вокал» жанры бойынша қатысқан Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 5 сынып оқушысы Әділет Болатов Бас жүлдені қанжығасына байлады.

Ұлы сазгердің әндерін болашақ ұрпақтың жүрегіне жеткізе отырып, балалардың қазақ өнеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, рухани-адамгершілік, көркемдік дамуын қалыптастыру мақсатындағы байқауда кішкентай өнер иесі Т.Молдағалиевтың сөзіне жазылған, Ш.Қалдаяқовтың «Қол созып, құшақ жайған қандай адам» әнін орындады. Өзі секілді қатарластарын қапыда қалдырған Әділетке әділ-қазы алқасының мүшесі, «Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаев басқаларға қарағанда ерекше даусы бар, жоғары дыбыстарды жақсы алатын, болашағынан зор үміт күттіретін талантты бала екенін ерекше жеткізіпті.

Ал жетекшісі, Өнер мектебінің вокал сыныбының мұғалімі Ерболат Кәрімов:

– Әрине Шәмші әндерін орындау оңай емес. Бірақ, ұлы композитордың қай әнін алып қарасаңыз да тез жатталады. Оған қоса, кішілер де, үлкен де шырқап кетеді. Ал байқауда Әділет жақсы дайындалды. Еңбегімізді ақтады. Сондай-ақ, өнерлі екенін көрсетті. Бұл байқауда көбі әншінің жылдам әрі тез нұсқадағы әндерін таңдаса, біз жай орындалатын әндерін шырқадық. Сонымен ұтып кеттік,-дейді. Ендеше, осындай әнші бүлдіршіндеріміз жүрек қылын шертетін Шәмші әндерін шабыттана шырқап, киелі сахналарда жеңіске жете берсін демекпіз.

Диас АЙБАР.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT