Азаматын ат мінгізіп, ардақтады

Біз, индерліктер, өзіміз жақсы білемізге сайып, «Ауданның Құрметті азаматы» атағын да беріп, мақтан тұтып жүрген жарсуаттық жігіт Амантай Берғалиевты облыс әкімдігі ұйымдастырған оның 60 жылдық мерейтойына байланысты шаралардан кейін тым жақын тани түскендейміз.

 

Ал күні кеше ғана облыс басшылығының ұсынысымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған азаматтың сахнаның сыртында жүріп-ақ еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқанына орай көрсетілген құрмет бәрін де танытты.

 Оны атақтарының өзінен ат үркетін  Халық әртістері Асанәлі Әшімов, Роза Рымбаева, Алтынбек Қоразбаев және Дариға Тіленді келіні, Қойшығұл Жылқышиев, Сембек Жұмағалиев, «МузАрт» тобы айтқанда әр индерліктің бойын мақтаныш сезімі кернеді.

Ал мұның өзі – сонау 1975 жылы ауылдан алыстағы Алматыға арман қуып кеткен балаң жігіттің 60 жасқа жеткенше тындырған абыройлы ісінің  шынайы куәсі. Бұл қуанышты елмен бірге, достары, әріптестері, әулеті, қос ұл-келіні, немерелерінің көруі де ірә әсерлі болды.

Шынында да Алматыдағы атақты Н.Тілендиевтің «Отырар сазы», Р.Рымбаева, «Қазақцирк», «Қуыршақтар» театры, тағы басқа өнер ұжымдарының тұтқасын ұстаған Амантай Берғалиевтың Атырау өнерінің өркендеуіне де бүгінде қосып жүрген үлесі қомақты.

 Сондықтан да аталғандар арасынан «Отырар сазы» оркестрі мүшелерін, бір топ алматылық және атыраулық қонақтарды аудан әкімі Серік Арыстан азаматтың туған жері Жарсуат топырағында қарсы алып, қабылдауы, ауылмен амандасып, өмірден ерте өткен анасы мен сөз сүлейі Мұрат Мөңкеұлының басына дұға оқыған соң ретімен тарқатылып жүре берді.

 Алдымен қонақтар, аудан ардагерлері, ауылдастары, құрдастары, барша өнерсүйер қауымның көз алдында  азаматты арғымаққа мінгізіп, алыстағы Каннаны елестеткен қызыл кілемшенің үстімен құрметпен жүріп өтуі де сыйластықты танытты. Одан әрі жаңа мәдениет үйін лық толтыра отырған қалың жұрт  туған жер түлегінің «Өмірім-өнерге!» атты мазмұнды фильміндегі көңіл толқытар сәттерге көз тікті.

 Сәлден соң-ақ танымал тележурналист Қымбат Досжан көпке таныстырған Н.Тілендиев атындағы академиялық этнографиялық-фольклорлық ұлт-аспаптар оркестрі (көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Дінзухра Тілендиева) өзінің Индер ауданы жеріндегі кезекті концертін бастап кетті.

 Кезекті деп отырғанымыз, «Махамбет-менің пірім» деп ұрандатып өмірден өткен Халық Қаһарманы, қайталанбас сазгер, өнер пірі Нұрғиса Тілендиев бұл топырақты сан басып, мазардың басында да әлденеше рет болып, өшпес рухтарын табыстарған болатын.

Ал бұл Махамбеттің жерлестері индерліктер үшін ұмытылмас тарих, қасиетті шежіре. Осы концерт үстінде де ол әлденеше рет қайталанды. Мұны өнерсүйер қауымға ақ алғысын жаудырған сазгердің жұбайы Дариға Тіленді келіні де  қайталап, зор ризашылық сезімін жолдады.

Көпшілік сағына күткен «Отырар сазы» (дирижер  Жалғасбек Бегімбеков) көрермендеріне Н.Тілендиевтің «Ата толғауы», «Көш-керуен», «Аққу», «Махамбет», Сүгірдің «Бозінген», Құрманғазының «Қайран шешем», Д.Нұрпейісованың «16 жыл» шығармаларымен сағынта қауыштырды.

 Ал осы әсем де өрнекті саз әуені сыртында экраннан  атақты «Қыз Жібек» фильмі көріністері астастыра беріліп тұруы да көзі қарақты көрерменді ерекше әсерлендірді. Ол да атақты фильм мен Нұрғисаның арасындағы терең қатынасты аңғартады.

 Концертте зор дауысты талантты әнші Талғат Күзембаев І.Жақановтың «Еділ мен Жайық», Д.Тіленді келінінің «Мәңгілік елім», домбырашы Данияр Байжұманов «Әлқисса», Жәлел Уәшев Мұхиттың «Зәуреш», «Студенттердің қоштасу әні», ал жерлесіміз Жанаргүл Сәркенова «Ақ ерке ақ Жайық», Хиса Көпжанұлының «Дендер» әндерін шебер орындап, зор ықыласқа бөленді.

Атыраудың тағы бір талантты әншісі Сембек Жұмағалиев та әріптестері Зәмзам Дәуітов пен Табылды Досымовтың да осы топырақта жатқандарын еске  ала тұра, өз жерлесі Амантайға игі тілегін арнаумен бірге өзінің қос бірдей өлеңін сыйлады.

 Халық әртісі Роза Рымбаева өзінің жұбайы Тасқын Оқапов пен Амантай Берғалиев арасындағы достық, сыйластық сезімдерін еске алып, әр кез өзін қолдап жүретін атыраулық азаматқа ақ алғысын жаудырды. Қалың көрермен болса, майталман әнші орындаған «Жарасты жанұя», «Куә бол», «Жан досым» әндеріне қуана қол соқты, гүл шоқтарын ұсынып, мәз-мейрам болды.

Әдеттегідей «Отырар сазы» оркестрінің концерті атақты «Құстар қайтып барады» әнімен қорытындыланды. Бұл атақты сазгерді ақырғы сапарға шығарып салған ән екенін де ұмытпаған шығарсыздар. Өнер адамдары өздеріне осылайша өлмес ескерткіш қояды.

Сөйтіп, бірнеше халықаралық, одақтық, республикалық ән фестивальдары мен концерттерінің өз дәрежесінде өтуіне режиссер, дирижер, директор, ұйымдастырушы, балетмейстер, жарық қоюшы, дыбысты үйлестіруші сынды сан мамандық иелері атынан алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атанып отырған жерлесіміз Амантай Берғалиевты ұлығылауға арналған аудандық шараны аудан әкімі Серік Арыстан алғыс айтып, ықылас гүлін ұсынып, қорытындылады.

Сахнаның сыртында жүріп-ақ ел үшін тер төге еңбек етіп, абыройға бөленуге болатынын бүгінгі жастарға үлгі етіп, мерейтой иесі мен оның жұбайы Рәмзияның иықтарына ұлттық нақыштағы ішік пен камзол кигізді. Мұндай құрмет алыстан келген қонақ Дариға Тіленді келіні бастаған басқа да өнер адамдарына көрсетілді.

Мерейтой иелері де, басқалары да алғыс айтқан бұл шара адамның қашанда адал еңбегімен ғана құрметті бола алатынын  тағы бір танытып, ұмытылмас әсер сыйлап өте шықты.

С.ХАЛЫҚОВ.

Суреттерді түсірген-А.ДИАС.

 

Соңғы жаңалықтар

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика