Атырауда мектеп оқушылары арасында экологиялық театр байқауы өтті

Атырау облысында мектеп оқушылары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында «Таза Қазақстан – таза сана» атты театралды байқау ұйымдастырылды.

Шараны Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Арман асуы» қоғамдық қоры бірлесіп өткізді. Байқауға облыстың әр өңірінен 5–8 сынып оқушыларынан құралған 11 команда қатысып, экология, табиғатты аялау, тазалықты сақтау және экологиялық жауапкершілік тақырыптарында театрландырылған қойылымдар көрсетті.

Әділқазылар алқасы қойылымды тақырыптың ашылуы, шығармашылық ерекшелік, актерлік шеберлік, сахна мәдениеті және көрерменмен байланыс сияқты критерийлер бойынша бағалады.

Нәтижесінде  Құрманғазы ауданы, Азғыр өңірінен келген Балқұдық жалпы орта мектебінің «Жалын» театры жеңімпаз атанды. Ал Қызылқоға ауданы, Жаңашаруа орта мектебінің «Жас талант» театры екінші орын иеленсе, III орын Құрманғазы ауданы, Еңбекші орта мектебінің «Шың» жасөспірімдер театрына бұйырды.

Шара соңында барлық  қатысушыларға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды. Байқау жас ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, экологиялық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға үлкен серпін берді.

#ТазаҚазақстан #ТазаСана #АтырауОблысы #Экология #ЖасӨнер #ТабиғаттыҚорғау

 

Хұсни ХАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT