«Келешек мектептері» арқылы болашақта білікті кадрлар қалыптасады

«Келешек мектептері» жобасының Атырау облысында жүзеге асырылуы өңірдегі білім беру жүйесіне тың серпін беріп отыр деп есептеймін.

 Соңғы жылдары Атырауда оқушы санының артуы, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі өзекті болып келгені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, жоба аясында салынып жатқан жаңа, заманауи мектептер ең алдымен осы түйткілдерді шешуге бағытталған нақты қадам болды.

Жобаның басты артықшылығы — мектеп ғимараттарының тек санын көбейту емес, сапасын түбегейлі жаңғыртуында. Жаңа мектептер заманауи пәндік кабинеттермен, STEM-зертханалармен, спорт және шығармашылық залдармен, қауіпсіз әрі жайлы оқу ортасымен жабдықталып жатыр. Бұл оқушылардың білім сапасына ғана емес, мұғалімдердің жұмыс істеу жағдайына да оң әсер етеді. Ұстаз ретінде айтарым, қолайлы орта мен қажетті құрал-жабдық болған жерде білім беру нәтижесі де жоғары болады.

Мұнайлы астана саналатын Атырау үшін бұл жобаның берер импульсі зор. Өңір экономикасы өндіріс пен өнеркәсіпке ғана емес, адами капиталдың сапасына да тәуелді. «Келешек мектептері» арқылы инженерлік, техникалық, цифрлық бағыттарға бейімделген жас ұрпақ тәрбиеленсе, болашақта аймаққа қажетті білікті кадрлар өз ішімізден қалыптасады. Бұл — мұнай-газ саласынан бөлек, білім мен инновацияға негізделген дамуға жасалған инвестиция.

Сонымен қатар жаңа мектептердің іске қосылуы ауылдық және қала маңындағы елді мекендердің әлеуметтік тартымдылығын арттырады. Ата-аналар үшін бұл — баласының сапалы білім алуына сенім, ал жастар үшін — туған өңірінде қалып, дамуға мүмкіндік. Сондықтан «Келешек мектептері» жобасы Атырау облысы үшін тек білім беру саласындағы бастама емес, өңірдің ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды жоба деп санаймын.

Сәуле Мағауқызы,

ардагер ұстаз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT