Описторхоз – бұл балық арқылы таралатын құрт ауруы. Описторхоздың нақты диагнозы нәжісте немесе өтте гельминт жұмыртқаларын табу арқылы расталады. Описторхоз ауруының өсуінің негізгі ықтимал себебі халықтың балықты белгіленбеген сауда орындарынан сатып алуы, балық өнімін пісірер алдында жеке гигиена және термиялық өңдеу қағидаларын дұрыс сақтамауы болып табылады.
Описторхоздың негізгі белгілері – 4 аптаға дейін 37-38С дейін дененің қызуы, бетінде және денесіндегі бөртпелер, ол көбінесе 2 аптаға дейін созылады, жиі бастың ауруы, ұйқының бұзылуы, әлсіздік, тершеңдік және тәбеттің жоғалуы, аллергиялық құбылыстар болып табылады. Егер описторхоз ауруын аяғына дейін емдемесе бауыр абсцесіне, өттің қабынуына және жүрек ауруына әкелуі мүмкін.
Негізгі ауру көзі өзендерде мекендейтін тұқыбалық тұқымдас балықтар болып табылады. Ауру адам ағзасына жеткіліксіз қуырылған балықтарды пайдалану арқылы түсетіндіктен, описторхозды жұқтырмау ушін бірінші кезекте балық және балық өнімдерін термиялық өңдеу қағидаларын қатаң сақтау қажет.
Описторхоздың алдын алу үшін келесі шараларды қадағалау қажет:
- балықты қайнаған сәттен бастап кем дегенде 15-20 минут пісіру керек;
- беті жабылған ыдыста, кішкентай бөліктерге кесіп, 15-20 минут қуыру қажет;
- балық бәлішін тұмшапеште кемінде 40 минут пісіру;
- тұздаған жағдайда 10 кг балыққа 2 кг тұз пайдалану қажет, екі және одан астам аптада тұздау;
- кептіру кезінде алдымен балықты үш күн тұздап, үш апта кептіру;
- мұздату кезінде балықты мұздатқышта немесе -28°С температурада 41 сағат бойы ұстау;
- аз тұздалған балық пен жұқатілмені тұтынудан бас тарту.
Ешбір жағдайда шикі балықты немесе оның ішек-қарнын үй жануарларына беруге болмайды, өйткені олардың жұқтыру қаупі артады, бұл жағдайда жануарлар описторхоздың таралу көзі болуы мүмкін.
Балықты кесу және өңдеусіз тұтынылатын өнімдерді кесу кезінде әртүрлі турайтын тақталарды қолдану керек.
Белгіленбеген сауда орындарынан балық сатып алу ұсынылмайды!
Аймұратова Алтынгүл Бөкенбайқызы
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары