О дүниеден оралтты

Ковид инфекциясы өршіген мезгілде барша әлемде негізгі салмақ медицина қызметкерлеріне түскені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та уақытпен санаспай дамылсыз еңбек еткен ақ халатты жандарды бейбіт күннің батырларына балаған болатын. Пандемия шарпыған шақта алдыңғы шепте қызмет еткен, аудан тұрғындарының алғысына бөленген сондай дәрігердің бірі – аудандық аурухананың инфекция бөлімінің меңгерушісі болған дәрігер Илияс Ғабитұлы.

Ол – Қызылорданың тумасы, Түркістандағы Қожа Ахмет және Түркия медициналық университетінің түлегі. Бұған дейін аудандық аурухананың бас дәрігері болып қызмет атқарған Бауыржан Дүйсенбайұлының шақыртуымен Индерге келген қажетті дәрігерлердің бірі болатын.

-Ауруханада бұған дейін оттегі баллондарына сұраныс көп болмайтын. Біреуінің өзі бір айға жетіп қалатын. Ковид дерті жайыла бастаған кезде жұқпалы дертке шалдыққан сырқаттарға дем жетпей оттегі баллондарына мұқтаждық артты. Ал 2020 жылдың жаз айларында күніге 50-60 оттегі баллонына дейін кетті. Бұл кезде аудандық ауруханада ковид дертімен 18 науқас ауыр жағдайда емделіп жатқан болатын. Олардың өмірін аман алып қалу үшін оттегі баллоны аса қажет болды. Қайта риза болғаным, индерліктер ұйымшыл екен. Әкімшіліктен бастап, жеке кәсіпкерлер, жастар және барша тұрғындар уақыттың қандай мезгілі болмасын, мүмкіндігінше оттегі жеткізіп беруге көмектесті. Ал бұл дегеніңіз талай сырқатты аман алып қалуына септігін тигізді. Бұл осы дерттен қайтыс болғандар арасынан ең аз көрсеткін облыс бойынша тек Индер ауданында болған еді, - дейді дәрігер Илияс Ғабитұлы.

Ауыр дертке шалдыққан науқастардың ішінде Бөдене ауылының тұрғыны Балжан Сатанова 36 күн бойы оттегі баллонының көмегімен демалып жатқан екен. Жағдайы өте ауыр болыпты.

-Қызу түспегесін, ауылдан аудандық ауруханаға жолдаған еді. Бастапқыда бәрін білетін сияқты едім. Оянсам оттегі балоны арқылы дем алып жатыр екенмін. Сөйтсем, аурухана төсегіне таңылғаныма бір ай уақыт өтіпті. Ауруханада санитарлық қызметкерлер, медбикелер бәрі де көмегін тигізді. Әсіресе менің есімде ерекше қалған дәрігер Ильяс Ғабитұлы болатын. Ол анасынан адал сүт емген, өте тәрбиелі адам екен. Айтса нанғысыз, мен о дүниеден бұл өмірге қайта оралғандай болдым. Ауруханада Ильяс Ғабитұлы уақытпен санаспай мен секілді талай хәл үстінде жатқан сырқатқа ем беріп, жазылып шығуына үлкен жәрдемін тигізгеніне куә болдым. Ажалдан арашалап қалған дәрігерімнің туған өлкесіне жақында кетіп қалды дегенді естіп қапаланып қалдым. Шүкір, міне, әуелі Алланың, содан соң осы дәрігерлердің арқасында ұрпағымның ортасында дін аман отырмын, - дейді жасы 70-ке таяған Бөдене ауылы тұрғыны Балжан Сатанова сөзге тартқанымызда.

Ыссыда медициналық комбинизонмен 12 сағаттан жұмыс жасаудың өзі оңайға соқпаған екен. Қайта кейін 6 сағаттық ауысымға шегеріпті. Кейіпкеріміз әсіресе, медбикелер Гүлбану Әбдірахманова, Нұргүл Құспанғалиева, Бақыт Тоғанасова, Гүлім Рахатова, Ақжарқын Ибрашева, Ақтілек Сағынбаева, Арайлым Молдағалиева, дәрігерлер Гүлнафис Серікқызы мен Ақтолқын Саматқызы сынды әріптестерінің еңбектерін жоғары бағалайды. Ал өзі былтыр қараша айында отбасы жағдайына байланысты туған жері Қызылорда облысы Шиелі ауданына оралыпты.

- Туған жерімде ата-анамның қолына баруым керек болды. Әйтпесе, үйреніп қалған Индерде жұмыс істей берер едім. Индерде әкімшілік тарапы да, ұжымым да алаңсыз жұмыс жасауыма барлық жағдай жасады. Индерліктерге алғысым шексіз, - дейді дәрігер Ильяс Ғабитұлы.

С.БАЗАРБАЕВ 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT