Көпшіліктің асыға күтетін мерекесі Жаңа жыл келе жатыр. Жаңа жыл мерекесіне байланысты көптеген іс-шаралар мен мерекелік отырыстар ұйымдастырылатыны бәрімізге мәлім.Осыған байланысты, мереке қарсаңында тамақтан уланудың алдын алу үшін сіздерге төмендегідей кеңестерді ұсынамыз.
Қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану объектілерінде ғана емес, мереке күндері үй тағамдарынан да улану қаупі бар. Әсіресе, мереке күні дастарханға ұсынылған тағамдарды тұрғындар ертесіне, одан кейін екі-үш күн бойы тұтынып жатады.
Мереке кезінде халықтар азық-түліктерін алдын-ала дайындап, ертерек сатып алып жатады. Әртүрлі тез бұзылатын аспаздық және кремді кондитерлік өнімдер 1-2 бұрын сатып алынады.
Негізі мереке күндері үйде тамақтан уланудың негізгі себептерінің бірі: тамақ дайындау кезінде жеке гигиена ережелерінің сақталмауы, сондай-ақ сақтау мерзімінің бұзылуы, тез бұзылатын тағамдардың тоңазытқышта сақталмауы.- қауіпсіз тамақ таңдау: қандай да бір өнімді сатып алар кезде, жарамдылық мерзімін, қорабының бұзылмағандығын тексеріңіз. Рұқсат етілмеген сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алмағаныңыз жөн;
- тамақ өнімдерін таза пісіру;
- мереке күндерінен қалған асты тұтынатын кезде, қайта ысытып, қайнатқан жөн. Бұл – тамақты сақтау кезінде көбеюі мүмкін қоздырғыштардан сақтанудың ең дұрыс жолы;
- шикі және дайын тағамдарды бірге сақтамау;
- дайындалған тамақты бөлме температурасында 2 сағаттан аса қалдырмау;
- көкөніс және жеміс-жидектерді пайдаланар алдында қауіпті бактериялардан тазарту үшін тазалап жуу;
- тамақ өнімдерін, әсіресе үй жағдайында дайындалған консервілерді «қолдан» және рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алмаңыздар!
Қазіргі кезде мереке кафе, мейрамхана және тойханаларда тойланады. Сондықтан, кәсіпкерлерді, мереке күндері тамақтан уланудың алдын алу мақсатында, санитариялық талаптардың сақталуына аса назар аударуға шақырамыз!
-Қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі, жұмысқа рұқсаты болуы, жеке бас гигиенасын сақтауы, азық-түліктердің қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуына және де тез бұзылатын өнімдердің тауарлық көршілестікті ескере отырып, тоңазытқышта сақталуына аса көңіл бөлінуі тиіс.
-Тамақ өнімдерін таза пісіру, сондай-ақ көкөністер мен жемістерді таза жуу және өндірістік бақылау бағдарламасы міндетті түрде болуы қажет.
Мерекелік дастарханға түрлі майонез қосылған салаттар, ет және балық тағамдары (ет, балық желесі, қазы-қарта), тауық етінен жасалған және т.б. тағамдар қойылып жатады. Осы тағамдарды дайындау барысында өте сақ болған жөн!
Осы қарапайым ережелерді орындау арқылы Сіз өзіңізді және отбасыңызды мереке қарсаңындағы қауіп-қатерлерден сақтай аласыз!»
Әлия Бекешева,
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушысы