Баланың тілін тапқан жан

Логопед, массажшы мамандығын меңгерген Жанаргүл Шапхатова бүгінде өз кәсібін ашып, еңбек етуде. Ол алдымен мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Бизнес бастау» жобасы бойынша грант иесі атанса, кейін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2 млн теңгенің мемлекеттік грантын ұтып алды.

Жанаргүл Сағинарқызы – көршілес Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік ауылының тумасы. Ол ауылдағы бастауыш мектепке барғанда мүлдем сөйлей алмапты. Өзінің ойын жеткізе алмай қатты қиналып, көп жылауына тура келіпті. Қатарлары секілді сөйлей алмағасын балалардың мазақтап күлгені де қатты батқан. Отбасында бес бала болса, 1990- шы жылдардағы қиыншылық кезеңдерде ата-анасының толықтай емдетуге мүмкіндіктері болмаған. Әйтсе де, әжесі Бақыт қамкөңіл немересіне үнемі қолдау білдіріп, ынталандырып отырған екен. Әжесінің айтқанына иланып, сөйлеуге талпына берген. Әсіресе, айнаға қарап өзін-өзі жетілдіруге ұмтылған.

-Нәтижесінде мектепте жоғары сыныптарға қарай буындап болса да сөйлей бастадым. Бұл ұмтылыс маған үлкен сенім ұялатып, өзімді одан әрі шыңдай түстім. Уақыт өте келе ұғынықты сөйлей алатын дәрежеге жеттім. Міне, өзіңізбен мүдірмей сұхбаттасып тұрмын, – дейді Жанаргүл Шапхатова. Кейіпкеріміз тілдің кемістігін жеңе білгеннен кейін өзі секілді қиналып жүрген балаларға көмектескісі келеді. Өйткені, тіл кемістігі бар балалар басқа қатарластары сияқты емін-еркін жүре алмайды. Көбінесе тұйық, ұялшақ, сенімсіз болады. Сондықтан осы саланы игеруге күш салады. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында алған 2 млн теңге грантты логопед мамандығына қатысты құрал-жабдықтар алып пайдаланады.

Кейіпкеріміз қазіргі кішкентай бүлдіршіндердің арасында да тіл кемістігі барлар көп кездесетіндігін айтады.

– Әдетте баланың сөйлеу тілінің бұзылуы органикалық және жүре пайда болған деп екіге бөлінеді. Органикалық бұзылысқа құрсақта бала пайда болған кезеңнен бастап ананың бойында болған өзгерістер әсерінен бала тілінің кеш шығуы жатады. Органикалық тіл бұзылуының өзін перинаталдық, яғни туғанға дейін, ал постнатальдық кезең, яғни туғаннан кейін деп бөлінеді. Бала пайда болғанда ана түрлі тұмау сынды вирустық аурулармен ауырса, бұл да баланың сөйлеуіне әсер етеді. Сондықтан болашақ ана алғашқы жүктілік кезеңінен бастап жақсы күтінуі керек. Себебі осы кезеңде баланың миындағы сөйлеу тіліне әсер ететін жасушалар дамиды.

Сондай-ақ анасының гемоглабині төмен болса, темір тапшылығы байқалса, йод жетіспесе де баланың сөйлеу тілінің тежелуіне алып келеді. Босану ауыр болған болса да әсер етеді, - дейді ол.

Ал массаж жасауына тұңғыш қызының сырқатқа шалдығуы сеп болыпты. Нәрестесі алты айлығында ұршығы уақытында шықпай түрлі ем-дом алады. Оған бірі массаж үлкен әсер етіпті. Емнің толық курсын алғаннан кейін дәрігерлердің кеңесімен өзі де нәрестеге массаж жасауды жалғастырады. Осындай толық ем-домның нәтижесінде нәрестесі сырқатынан құлан-таза айығып шығады. Осы орайда массаж жасау ісін де қолға алыпты.

«Qazaq-med» меди - цина орталығы, «Өрлеу» оқу орталықтарынан «баланың сөйлеу тілі мен психологиялық тежелуін түзету», «логопедиялық массаж, классикалық және емдеу массаж сынды түрлі біліктілік арттыру курстарынан өтеді.

– Қазіргі күнге дейін жеткен жетістіктерім аз емес. 4000-нан астам баланы массаж емімен сауықтырып, 100-ден аса балаға логопед сабағын жүргізіп, көпшіліктің алғысына бөленіп келемін, – дейді ол.

Жанаргүл Сағыннарқызы – отбасында да өнегелі келін. Жұбайы Бақберген Рахметқали екеуі Құндыз, Нұрпейіс, Ықылас, Диана есімді бала тәрбиелеп отыр.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521